Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-қа көшкен Нұртас Адамбай ЛГБТ өкілдеріне көзқарасы өзгергенін айтты

Нұртас Адамбай
Фото: Видеодан скриншот / Magnific.com

Актер әрі режиссер Нұртас Адамбай Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында АҚШ-та өмір сүре бастағаннан кейін ЛГБТ қауымдастығына деген көзқарасы өзгергенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның сөзінше, бұрын бұл қауымдастық өкілдеріне өте сыни көзбен қарап, теріс пікірде болған.

“Бұрын мен мұндай адамдарға өте сыншыл, негативті көзқараста болдым. Ондай кезім болған”, – деді Адамбай.

Режиссер көзқарасына әсер еткен оқиғаның бірін АҚШ-та бастан өткергенін жеткізді. Бір күні дүкенде кассада тұрған трансгендер адамды көргенде, оны сынамауға тырысқанын айтты.

“Өзіме “Айыптаушы болма. Алдыңда өз жолымен келе жатқан адам тұр. Оның бұл жолды қалай жүріп өтетіні – менің шаруам емес” дедім”, – деп еске алды ол.

Нұртас Адамбай осы сәттен кейін өзгелердің жеке өміріне баға беруге құқығы жоқ екенін тереңірек түсінгенін айтады.

“Кейін сондай адамдарды көрген сайын “Олар өз жолымен келе жатыр” деп айтатын болдым. Олардың қалай өмір сүретіні, не істейтіні – менің шаруам емес. Әр адамның өзін қандай болса, солай қабылдағанын қалаймын”, – деді ол.

Сонымен бірге Адамбай ЛГБТ тақырыбындағы контенттің балаларға ұсынылуына қатысты ұстанымы өзгермегенін жеткізді. Ол ересек адамның жеке таңдауына араласпайтынын, алайда балаларға арналған фильмдер мен мультфильмдердегі мұндай көріністерге қарсы екенін айтты.

Сұхбат барысында Қанат Бейсекеев режиссерден ЛГБТ қауымдастығына жататын адамдармен бірге жұмыс істеуге көзқарасын да сұрады. Адамбай бір кезде бірге оқыған қыздың өзінің қызбен қарым-қатынаста екенін айтқанын мысалға келтірді.

“Оған деген қарым-қатынасым өзгерген жоқ. “Бұл – оның өмірі, оның шаруасы” дедім. Бұрын адамдарды айыптағаным дұрыс болмады”, – деді режиссер.

Адамбай қазір адамның нәсіліне, дініне, жынысына немесе өмірлік ұстанымына қарамастан, ең алдымен оның адам екенін ескеру керек деген пікірде.

Еске салайық, 2022 жылы Нұртас Адамбай Disney және Pixar студиялары түсірген “Базз Лайтер” мультфильміне қарсы пікір білдірген. Ол туындыдағы бірнеше секундтық көріністі ЛГБТ тақырыбын насихаттау деп бағалап, мультфильмді Қазақстан кинотеатрларында көрсетпеуге шақырған еді.

Кейін режиссер “Тор” және “Барби” секілді танымал фильмдерге де қатысты сыни ойын айтқан. Ол мұндай туындылар дәстүрлі құндылықтарға кері әсер етуі мүмкін деп санайтынын жасырмаған.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 16:30