Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қырғызстан өзі алға шығу үшін осылай жасады": Сарапшылар көшпенділер ойыны нәтижесіне қатысты пікір білдірді

ойын
Фото: argymaq.kz

Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Бір аптаға созылған дүбірлі доданың соңы жеңісті бөлісе алмай, таласпен аяқталды. Себебі екі елдің алтын медаль саны әртүрлі есептелген. Осы орайда Stan.kz спорт сарапшысынан медаль есебі қай елдікі дұрыс екенін сұрап білді. 

 

Бәрі неден басталды?

6 қыркүйек күні жеті күнге созылған көшпенділер ойындары аяқталды. Қазақстанның туризм және спорт министрлігі біздің елдің құрамасын жеңімпаз деп таныды. Олардың мәліметінше, қазақ спортшылары 74 медаль жеңіп алған: 32 алтын, 20 күміс және 22 қола. Ал 30 алтын медаль алған Қырғызстан екінші, жеті алтынмен Ресей үшінші орынға жайғасқан.

“Ойындар қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанды. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты”, – делінген министрлік жазбасында.

Десе де Қырғызстан тарапы медаль есебін басқаша жүргізген. Көшпенділер ойынының ресми парақшасында жарияланған кестеде Қырғызстан 30 алтынмен бірінші, ал Қазақстан 29 алтынмен екінші орында тұр. Кейін бұл талқыға түсіп, ол Instagram парақшадан екі рет өшірілді. 

Қазақстанның спорт министрлігі 32 алтын дұрыс нәтиже екенін айтып отыр. 

Ал Қырғызстанның Спорт министрлігі көшпенділер ойынында ресми медаль және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін айтты. Олардың мәліметінше, Ойындар мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекесіне емес, дәстүрлі спорт пен мәдени байланысты дамытуға бағытталған. 

“Оған қоса елдердің жеңіп алған медальдары саны бойынша жалпы рейтинг жасалмайды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты мақсаты – дәстүрлі спорт түрлерін сақтау және дамыту, оларды әлемдік қауымдастыққа кеңінен таныту, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту, мәдени құндылықтарды дәріптеу. Ойындардың тұжырымдамасы бәсекелестікке емес, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Осыған байланысты Ойындардың қорытындысы бойынша мемлекеттер арасында жалпы медальдық рейтинг жасалмайды”, – делінген Қырғызстан спорт министрлігінің жазбасында. 

Сарапшы не дейді?

 

“Негізгі мәселе 29 немесе 32 деген сандарда емес”

Спорт сарапшысы Айдос Рымқұлдың айтуынша, ұйымдастырушылар медальдық есеп жүргізілмейтінін бастапқыда мәлімдегенімен, жарыс басталған соң өздері медаль кестесін бірнеше күн жариялаған. 

“Қырғызстан тарапы Ойындар басталмай тұрып жалпыкомандалық медаль есебі жүргізілмейтінін айтқан еді. Мұны Көшпенділер ойындарының негізгі концепциясы мемлекеттерді бір-бірімен бәсекелестіруден гөрі халықтар арасындағы достықты, мәдени және спорттық байланысты нығайтуға бағытталғанымен түсіндірді. Егер ұйымдастырушылар осы ұстанымды басынан аяғына дейін сақтағанда, оған қатысты сұрақ туындамас еді. Алайда жарыс басталған соң ұйымдастырушылардың өзі медаль кестесін жүргізіп, оны бірнеше күн бойы жариялап отырды”, – дейді спорт сарапшысы. 

Десе де кейін Қазақстан алға шыққанда кестенің жаңартылуы тоқтаған.

“Алғашқы күндері Қырғызстан құрамасы көш бастап тұрған кезде кесте тұрақты жаңартылып отырды. Кейін Қазақстан алтын медаль саны бойынша алға шыққан тұста кестенің жаңартылуы тоқтады. Соңғы күні қайтадан басқа сандар пайда болды. Сондықтан “бұл Ойындарда жалпыкомандалық есеп мүлде жүргізілмейді” деген түсіндірме сұрақ тудырады. Егер жалпыкомандалық есеп ресми маңызға ие болмаса, оны жарыстың алғашқы күндерінен бастап не үшін жариялады? Бір принцип таңдалса, ол Ойындардың басынан аяғына дейін өзгермеуі керек деп есептеймін”, – дейді сарапшы. 

Сарапшының айтуынша, мәселе нақты медаль санынан бұрын есеп жүргізу жүйесінің ашықтығында болып отыр.

“Қазақстан спортшыларының жарыста жеңіп алған алтын медальдарын кейіннен есептен алып тастау дұрыс емес. Бұл жерде негізгі мәселе тек 29 немесе 32 деген сандарда емес, нәтижелерді есептеу жүйесінің ашықтығында болып отыр. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорт түрлерінің қорытынды хаттамалары жарияланды. Қай спортшының қандай орын алғанын, жарыстың нәтижесін хаттамалар арқылы тексеруге мүмкіндік болды. Ол құжаттар әлі күнге дейін ашық әрі қолжетімді”, – дейді сарапшы. 

Спорт сарапшысы Айдос Рымқұлдың айтуынша, биыл өткен көшпенділер ойындарында ашықтық жетіспеді.

“Біз өзіміз күн сайын Қазақстан спортшыларының нәтижелерін жеке есептеп отырдық. Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі де өз есебін жүргізді. Ұйымдастырушылардың есебі бөлек шықты. Соның нәтижесінде бір тарап Қазақстанда 32 алтын бар десе, екінші тарап 29 алтын деп көрсетті. Мұндай жағдайда қай тараптың есебі дұрыс екенін анықтаудың ең қарапайым жолы - барлық спорт түррі бойынша мөрленген ресми қорытынды хаттамаларды толық жариялау. Сонда әрбір алтын медаль бойынша кімнің, қандай жарыста және қандай санатта жеңіске жеткенін салыстырып, дауды біржола шешуге болады”, – дейді сарапшы. 

Оған қоса сарапшы Қырғызстан жариялаған бұл шешім өте күмәнді екенін жеткізді. 

“Әсіресе тоғызқұмалақтағы жағдайды түсіну қиын. Ойындардың бастапқы регламентінің 23-24 бетіндегі тоғызқұмалақ бөліміне сәйкес, жарыс ерлер мен әйелдер арасында, жеке және командалық форматта өткізілуі қарастырылған. Сонымен қатар ерлер мен әйелдердің нәтижелері бөлек есептелетіні көрсетілген. Демек регламенттің өзінен бірнеше бөлек жарыс санаты қарастырылғанын көруге болады. Қазақстан спортшылары осы жарыстарда жеңіске жетіп, жеке сын жеңімпаздары да ресми түрде марапатталды. Бірақ кейін жеке жарыстағы алтындар жалпы медаль есебіне кірмейтіні, тек командалық нәтиже есептелетіні айтылды. Ең үлкен сұрақ осы жерде туындайды: егер жеке жарыстың нәтижесі ресми есепке алынбайтын болса, онда ол неге регламентте жеке жарыс ретінде көрсетілді және жеңімпаздар неге жеке-жеке марапатталды?”, – деді сарапшы. 

Спорт сарапшысы Айдос Рымқұлдың пікірінше, жарыс басталғаннан кейін медальдарды есептеу тәртібін өзгертуге болмайды. Спорттық жарыста ереже алдын ала белгіленіп, жарыс соңына дейін сол тәртіп сақталуы керек. Сондықтан спортшылар жарысты аяқтап, жеңімпаздар анықталған соң медальдарды есептеу принципін өзгерту дұрыс тәжірибе емес.

“Медальдарды есептеу тәртібі Қырғызстанның жалпыкомандалық есепте Қазақстаннан озуына әсер етті ме деген күмән туғызды. Мұны нақты факт ретінде айту үшін ресми құжаттар қажет. Сол себепті ұйымдастырушылар барлық қорытынды хаттамаларды және медальдарды есептеу тәртібін ашық жариялап, 29 бен 32 алтын арасындағы айырмашылықтың нақты неден пайда болғанын түсіндіруі керек”, – деді сарапшы. 

Айдос Рымқұл “Қырғызстан өз жеңісі үшін Қазақстан медаль санын аз етіп көрсетті” деген пікірдің туындауына негіз бар екенін айтты. 

“Регламентте тоғызқұмалақ, овари және мангала спорттарының әрқайсысынан төрт алтын жүлде сарапқа салынатыны көрсетілген. Қазақстан осы спорт түрлерінен алты алтын алған соң жалпыкомандалық есепте алға шыққан. Сосын Қырғызстан өзі алға шығу үшін осы әрекетке барды деп ойлаймын. Қазақстан ғана шуласа білінбей қалар еді. Алайда көршілеріміз Қазақстанмен жарысып жүріп Венгрияның жамбы атудан алған алтынын, Нигерия мен Гананың алтындарын да есепке кіргізбеген. Сондықтан ашық түрде хаттамалар көрсетілуі тиіс”, – дейді спорт сарапшысы. 

“Неге мұндай шешім қабылданғанын түсінбедім”

Спорт сарапшысы Аслан Қаженов Қазақстанның 32 алтын медалі жалпыкомандалық есепте ескерілуі керек деп санайды.

“Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі 32 алтын медаль жеңіп алғанымызды ресми түрде жариялады. Мен де жарыстың басы қасында жүріп, барлығын көрдім. Жарыс бағдарламасындағы барлық алтын есепке алынуы керек. Мысалы, тоғызқұмалақтан төрт алтын болды. Жекелей сындардағы медальдарды есепке алмау туралы шешімді ұйымдастырушы тарап қабылдағанын түсіндім. Бірақ оның не себепті жасалғанын түсінбеймін”, – деді сарапшы.

Қаженовтың айтуынша, Қырғызстан тарапы бастапқыда жалпыкомандалық есепте бірінші орында тұрғанын жариялап, кейін “жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді” деген мәлімдеме жасаған.

“Біріншіден, Қазақстанның 32 алтыны – спортқа жауапты министрлік жариялаған ресми ақпарат. Екіншіден, жарыс бағдарламасында болған барлық бағыт бойынша қазақстандық спортшылар медаль алды, олар марапатталып, нәтижелері хаттамаларға енгізілді. Сондықтан жалпыкомандалық есептен бұл алтындарды алып тастауға болмайды деп ойлаймын”, – деді ол.

Сарапшы Көшпенділер ойындарының басты мақсаты халықтар арасындағы достықты нығайту екенін айтты. Десе де бұл спортта жалпыкомандалық есеп жүргізуге кедергі болмауы керек деп есетпейді. 

“Бұған дейінгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есеп жүргізілді. Меніңше, әлемдік деңгейдегі жарыста мұндай есептің болғаны дұрыс. Спортшылар барын салып, жеңіске ұмтылады. Жарыс болған соң кез келген спорттық додада жалпыкомандалық есеп жүргізіледі”, – деді Аслан Қаженов.

Желі жұрты не деді?

6 қыркүйек күні Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қорытынды есебін шығарған соң желіде дау күшейді. Желі жұрты Қазақстанның медалдарын санап, Қырғызстан тарапынан әділ қорытынды шығаруды сұрады. 

“2024 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында медальдар есебі ресми түрде жүргізілген. Ұйымдастырушылардың сайтында алтын, күміс, қола және жалпы медаль саны көрсетілген арнайы "Медаль есебі" бөлімі болған. Қырғызстан тарапы сол кезде медальдық есептің жүргізілуіне қарсылық білдірмеген, тек көкпардағы төрешілікке қатысты дау айтқан. Сондықтан биыл Ойындарда "ресми медальдық және жалпы командалық есеп жүргізілмейді" деген мәлімдеме бұрынғы тәжірибеге қайшы келеді. Биылғы есептің айырмашылық Қырғызстан пайдасына болмай қалған соң ғана алып тасталған”. 

Тағы бір пікір иесі Қырғызстан тарапының мәлімдемесіне күмән келтіріп, 2026 жылы Көшпенділер ойындарының ережесінен нақты мысал келтірді. Оның айтуынша, тоғызқұмалақ бойынша жарыс жеке және командалық есепте өткізілетіні ережеде анық жазылған.

“Құжаттың 24-бетіндегі TOGUZ KORGOOL бөлімінде: “Жарыс швейцариялық жүйе бойынша жеке және командалық есепте өткізіледі. Нәтижелер ерлер мен әйелдер арасында бөлек анықталады” деп көрсетілген”, – деп жазды ол. 

Осыған сүйенген автор “ресми есеп жүргізілмейді” деген мәлімдеме ойындардың ережесіндегі талаптармен сәйкес келмейді деп санайды.

Тіпті Қырғызстанның өзінде Қазақстанның жеңгенін мойындағандар болды. Әлеуметтік желіде қырғызстандық қолданушы ұйымдастырушылардың әрекетін сынап, Қазақстан құрамасын 32 алтын медальмен бірінші орын алғаны үшін құттықтады.

“Ойынды ұйымдастырушылар шектен шығып мерекелік көңіл-күйдің бәрін құрттыңыздар. Үш медаль деп таласпай, қазақ бауырларға бірінші орынды лайықты түрде беріп, құттықтап, келгендері үшін алғыс айтып, сыйластықпен шығарып салсаңыздар жақсы болар еді. Бізге мұндай арам, әділетсіз бірінші орынның керегі жоқ. Қателіктеріңізді мойындап, кешірім сұрап, медальдарды қазақ бауырларға қайтарып беріңіздер. Қазақ бауырларды 32 алтынмен бірінші орын алғанымен құттықтаймыз. Жеңіс сендердікі. Жарайсыңдар, келіп, жақсы ойын көрсетіп кеттіңдер”, – деп жазды ол.

пікір
Фото: Threads скрин

Қырғызстан тарапы ақыры мойындады…

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы Асхат Алакөзов  Қазақстанның медальдық есепте бірінші орын алғанын мәлімдеді.

“Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсының медалін жеке есептеу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпы командалық есепте Қазақстан бірінші орын алды. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!”, – деді Асхат Алакөзов.

Ол Қырғызстан спортшылары да жарыста өзінің күш-жігері мен шеберлігін лайықты көрсете алғанын айтты.

“Медаль есебі – спорттың бір бөлігі ғана. Ал ойындардың басты жеңісі – бәсекені өзара құрметпен өткізіп, бауырлас халықтардың ынтымағын тағы бір мәрте көрсете білу”, – деп жазды ол.  

Бұған дейін де дау болған еді...

2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да Қазақстан–Қырғызстан арасында үлкен дау болған. Негізгі жанжал медаль есебінен емес, көкпар финалынан шыққан.

Сол жылы 12 қыркүйекте Қазақстан мен Қырғызстан көкпардың финалында кездесті. Қазақстан құрамасы қосымша уақытта 5:4 есебімен жеңіп, алтын алды. Осыдан кейін қырғызстандық тарап төрешілікке наразылық білдірді. Қырғызстанның көк бөрү федерациясы финал нәтижесіне наразылық (протест) беріп, қазақстандық ойыншылар ереже бұзды, ал төреші оларға бүйрек бұрды деп мәлімдеді.

Тіпті дау көкпар аяқталған соң да жалғасқан. Қырғызстандық ойыншылар марапаттау рәсімі кезінде медальдарын шешіп, мінберден кетіп қалған. Ал жанкүйерлер арасында да төрешілікке наразылық білдірген пікірлер тараған.

Ең қызығы, финал кезінде жаппай төбелес болып, оған күштік құрылым өкілдері араласқаны туралы ақпарат тараған. 

Кейін Қырғызстан федерациясының өкілі финалда 14 өрескел ереже бұзушылық болғанын мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан көшпенділер ойындарында Қазақстан жеңіске жеткеннен кейін медальдар есебін алып тастағаны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 17:32