Атырау халқы жағымсыз иіске шағымданды: Олар тұншығып, жөтел мен бас ауыратынын айтқан
Атырау тұрғындары 7 қыркүйекке қараған түні қала аумағына тараған өткір жағымсыз иіске шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, иіс жабық терезеден де сезілген. Кей тұрғындар жөтел, тамақтың жыбырлауы, бас ауруы, жүрек айнуы және ұйқысыздық сияқты жайсыздықтар болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шағымдарға қарағанда, мәселе қаланың әртүрлі аудандарын қамтыған. Гүлшат Айдарқызы есімді оқырман оянған кезде терезедегі сыртқы көрініске қатты таңғалғанын айтады.
"Атырау, Нұрсая. Таңғы сағат 05:00. Өткір иістен оянып кеттім. Терезені ашқым келіп еді, көргенімнен шошып кеттім. Алғашында түсінбей қалдым, бір жерде газ ағып кеткен шығар деп ойладым! Терезелер жабық тұрса да, үйдің ішінде иіс сезіледі. Сыртта не болып жатқанын елестете де алмаймын. Бізді ұйықтап жатқанда улап жатыр ма?! Ұйқым қашып кетті, демалу мүмкін емес", – деп жазды қала тұрғыны Гүлжан Айдарқызы.
Тұрғындардың бірі кәсіпорынға қатысты наразылығын білдіріп, "Атырау мұнай өңдеу зауытында енді шыдау мүмкін емес, митинг жасау керек" деп жазған. Оның бұл ұсынысын басқа қолданушы да қолдап, "Қолдаймын! Шығайық" деген пікір қалдырған.
Бірқатар тұрғын жағымсыз иістің үйлердің ішіне дейін тарағанын айтқан. Олардың бірі "Ұйқым қашып кетті, дем алу мүмкін емес" деп шағымданған. Көпір маңындағы зауытқа жақын тұратын тұрғындардың бірі иістің салдарынан өзін нашар сезінгенін айтып, "Мұны тозақ деуге болады, дем алу мүмкін емес. Жүрегім айнып кетті" деп жазған. Ол сондай-ақ тұрғындарды e-Otinish арқылы шағымдануға шақырып, "Біздің денсаулығымыз зауыт үшін айырбасқа салынатын нәрсе емес" деген наразылығын білдірген.

Атырау тұрғындары жағымсыз иістің соңғы бірнеше күнде әртүрлі уақытта сезіліп жүргенін айтып отыр.
Тұрғындардың бірі иістің бұған дейін де түнгі уақытта шыққанын айтып, "Алдында түнгі сағат 01:30-да келді, терезе ашық тұрған. Соңғы 3-4 күнде түнгі 00:00 шамасында шығып жүр. Иісі өте жаман, терезені жауып, кондиционер қостым. Біраз уақыт ұйықтай алмадым, тіпті ұйқыдан тұрмай қалу осы болар деп қорықтым" деп жазған.
Тағы бір қала тұрғыны жағымсыз иістің соңғы 4-5 күнде әртүрлі уақытта тұрақты түрде сезіліп жүргенін атап өткен. Оның айтуынша, көп адам иісті сезбейді немесе оған мән бермейді.
"Бас ауырып, жүрек айниды. Лотос алқабына барар жолда Атырау мұнай өңдеу зауытының қасынан өткенде, иіс көліктің ішіне дейін кіріп, қатты әрі анық сезілді" деп жазған тұрғын.
Атырауда ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының (ШРК) бірнеше есе асып кету жағдайлары тіркеліп жатыр. Қала тұрғындары әсіресе түнгі және таңғы уақытта түтін мен жағымсыз иіске шағымдануда.
Жағдайға брифинг барысында Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов түсініктеме берді. Оның айтуынша, зертханалық зерттеулер түнгі уақытта ароматты көмірсутектер бойынша ШРК-ның бірнеше есе жоғарылағанын көрсеткен.
Экологтар жағымсыз иіс пен шығарындылардың негізгі көзі ретінде Атырау мұнай өңдеу зауытын (АНПЗ) атаған. Желдің оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бағыттарынан соғуы ластаушы заттардың тұрғын аудандарға таралуына әсер етеді. Сонымен қатар түнгі уақытта желдің жылдамдығы 0-5 м/с-қа дейін төмендеп, зиянды заттардың таралмай, қала үстінде жиналуына жағдай жасайды.
Алдағы бір апта 10 күн ішінде АНПЗ-да тәуелсіз сарапшылар, технологтар, экологтар және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының қатысуымен жоспардан тыс кешенді тексеру жүргізіледі.
Бұған дейін қаңтардағы осыған ұқсас тексеру нәтижесінде АНПЗ-ға 520 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Қазіргі уақытта кәсіпорын бұл шешімге сот арқылы шағымданып жатыр.
Сонымен қатар экология департаменті зауыттан Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын орындау мерзімін қысқартуды талап етуде. Бұған дейін негізгі қондырғыларды, оның ішінде ЭЛОУ-АВТ-6 және буландыру тоғандарын жаңғыртуды 2036 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Енді экологтар бұл мерзімді 2030 жылға дейін қысқартуды талап етіп отыр.
Қазіргі уақытта АНПЗ-ға кешенді экологиялық рұқсат беру процесі тоқтатылған, құжаттар қаралу сатысында.
Еске салайық, бұған дейін де Атырау мұнай өңдеу зауыты санитарлық талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. 2026 жылғы ақпанда кәсіпорынға 1 600 АЕК көлемінде, яғни 6 млн 920 мың теңге айыппұл салынған. Алайда зауыт бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Тексеру нәтижесінде жағымсыз иістің нақты қай кәсіпорыннан шыққанын анықтау қиын болған, себебі аталған аумақта бірнеше өндіріс орны орналасқан.
Қазақстандықтар 3600 орындық елордалық стадион мен "Бішкек Аренаның" қаражатын салыстырды