Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бақытжан Базарбек қағып кетті делінген жаяу жүргіншінің жағдайы әлі де ауыр

бақытжан базарбек
Фото: Видеодан скрин

Экс-мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жүргізген көлік қағып кетті делінген 37 жастағы ер адамның жағдайы әлі де ауыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ресми мәліметке сәйкес, жол апатынан зардап шеккен азамат 15 тамызда ауруханаға жеткізіліп, анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөліміне жатқызылған.

Бүгінде жарақат алғанына 23 күн болған.

"Науқастың жалпы жағдайы политравмаға байланысты ауыр күйінде қалып отыр. Сонымен қатар жүргізіліп жатқан қарқынды терапия аясында оң динамика байқалады. Дәрігерлер емді толық көлемде жалғастырып, науқастың жағдайын динамикада бақылауда", – деді Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Еске салайық, 16 тамызда Telegram-арналардың бірінде Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы ақпарат тараған. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолында жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткені хабарланған. Сол кезде көлік тізгінінде экс-мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек болғаны айтылған.

17 тамызда Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында сотқа дейінгі тергеу аясында жұбайымен бірге ақпаратты жария етпеу туралы құжатқа қол қойғанын жазды.

Ол әлеуметтік желідегі түрлі болжамдарға қатысты асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырды.

Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 17:10