Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өмір бойы осылай қарасын": Динара Сәтжан Астанада ұлының тойын дүркіретіп өткізді

Динара Сәтжанның ұлының тойы
Фото: Instagram.com/dinarasatzhan

Қазақстандық журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы Даниалдың үйлену тойын дүркіретіп өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өткен демалыс күндері Астанада Динара Сәтжанның ұлы Даниал Үскенбай мен оның сүйіктісі Айнұрдың үйлену тойы өтті. Ал ертесі тележүргізуші әлеуметтік желідегі парақшасында жас жұбайлардың ең әсерлі сәттерінің бірін бөлісті. Кадрларда күйеу жігіт қалыңдығы Айнұрды алғаш рет ақ көйлекпен көрген сәті бейнеленген.

Видеода Даниал қалыңдығын той көйлегімен алғаш көріп, одан көз алмай қарап тұрғаны байқалады. Бұл сәт желі қолданушыларын да ерекше тебіренткен.

Динара Сәтжан жазбасында баласының бақытын көру – ана үшін үлкен қуаныш екенін жеткізді.

“Балаларыңның бақытын көру – өмірдегі ең үлкен бақыттың бірі. Ана болу – тағдырдың ең үлкен сыйы. Әрбір анаға баласының бақытын көріп, осы теңдессіз сезімді жүрегімен сезінуді тілеймін. Балаң бақытты болса, сенің де жүрегің бақытқа толады”, – деп жазды ол.

Желі қолданушылары да жас жұбайларға жылы лебіздерін жаудырды. Көпшілік әсіресе Даниалдың қалыңдығына қараған сәтіне назар аударған.

“Бұл көзқарасты ойнап көрсету мүмкін емес. Бір сәттің ішінде қаншама махаббат пен қуаныш бар. Өмір бойы оған осылай қарасын”, “Керемет жарасымды жұп. Махаббаттарыңыз мәңгі болсын”, “Осындай сәттер үшін өмір сүреміз. Жас жұбайлар бақытты болсын”, – деп жазды желі қолданушылары.

Жұлдыздар жиналған той

Даниал мен Айнұрдың үйлену тойы Астанада өтіп, оған қазақстандық шоу-бизнес өкілдері де қатысты.

Кеш тізгінін актер Қайрат Әділгерей мен шоумен Ринат Сафаргулов ұстаған. Тойда Қарақат Әбілдина, Назима, Майра Мұхамедқызы, Қайрат Нұртас және басқа да өнер иелері ән шырқаған. Ал кештің арнайы қонағы ретінде рэпер Jah Khalib өнер көрсеткен.

Тойға Динара Сәтжанның жақын құрбысы Баян Алагөзованың қыздары Айсәуле мен Айару Бақытбек те келген. Тойдағы дәстүрлі гүл лақтыру рәсімінде қалыңдықтың гүлін Айару қағып алған.

Желіде тараған кадрлардан тойдың сән-салтанаты да байқалады. Мейрамхана іші гүлдермен, хрусталь шамдармен және ақ маталармен безендірілген. Қалыңдық кеш барысында екі түрлі той көйлегін киген.

Еске салайық, Динара Сәтжан ұлының шаңырақ көтергелі жатқанын осы жазда хабарлаған еді. Оның айтуынша, Даниал Айнұрға тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Тележүргізуші болашақ келінімен төрт жылға жуық уақыттан бері таныс екенін және ұлының таңдауына көңілі толатынын да айтқан.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 15:36