Қазақстандық әйел бір уақытта "екі некеде" тұрғаны үшін ипотека рәсімдей алмаған
Алматылық әйел ипотека рәсімдеу алдында өзінің "екінші некесі" бар екенін анықтаған. Осыған байланысты банк ипотекалық мәмілені рәсімдеуден бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылық әйел аталмыш жағдай туралы Threads желісінде жазды. Оның айтуынша, ол құжаттарға қол қойып, пәтерді рәсімдеу үшін банкке барған. Алайда тексеру барысында АХАТ жүйесінде оның некеге тұрғаны туралы екі жазба тіркелгені анықталған.
"Бір күнде, бір жылда екі неке тіркелген. Алайда бір жазбада тегім дұрыс көрсетілсе, екіншісіндегі құжатта тегімде қателер бар", – деп жазды әйел.
Осылайша, қазақстандық әйел бір адамға екі рет "тұрмысқа шыққан”.

Әйелдің жазбасынан кейін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы АХАТ ақпараттық жүйесіне тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде жазбалардың бірі жүйенің өзінде тіркелген электронды жазба, ал екіншісі – цифрланған жазбаның қайталанған нұсқасы екені анықталды.
"2013-2017 жылдар аралығында Әділет министрлігі 1937-2008 жылдар аралығында тіркелген мұрағаттық акт жазбаларын сканерлеп, тиісті мәліметтерді ақпараттық жүйеге енгізу арқылы цифрландыру жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық жүйені деректермен толықтыру және тестілеу жұмыстарына байланысты аталған акт жазбасы кейін жүйеде қайталанып тіркелген", – делінген хабарламада.
Әйел eGov жүйесінде екінші некесін көрмегенін, екі жазба туралы ақпарат тек АХАТ қызметкерлеріне және банк құжаттарды тексерген кезде ғана көрінгенін айтады.
Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, енді қайталанған жазба жойылуы тиіс. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы Әуезов аудандық АХАТ бөлімі 8 қыркүйекте осыған қатысты Әділет департаментіне тиісті хат жолдаған.
"Азаматтарға арналған үкімет" сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары жергілікті атқарушы органдардан мемлекеттік корпорацияға 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап берілгенін еске салды.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық жұп Алматыдағы қонақүйдің неке куәлігін талап еткеніне наразылық білдіргені туралы жазған едік.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде жылқының жағдайы көпшіліктің ашуын туғызды