Қазақстандықтарды "неке мерзімінің аяқталатыны" туралы хабарламамен қорқытып жатыр: Әділет министрлігі ескерту жасады

Әлеуметтік желілерде екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы "некенің мерзімін ұзарту керек" деген ақпарат тарап жатыр. Алайда Әділет министрлігі мұндай талаптың жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның өкілінің айтуынша, тараған ақпарат шындыққа жанаспайды және алаяқтық сипатқа ие. Себебі Қазақстан заңнамасында некенің жарамдылық мерзімі деген ұғым жоқ. Неке бір рет тіркеледі, сондықтан оны белгілі бір уақыттан кейін қайта тіркеудің немесе "мерзімін ұзартудың" қажеті жоқ.
"Неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оның шекті мерзімі белгіленбейді. Осыған байланысты некені ұзарту талап етілмейді", – деп хабарлады Әділет министрлігі.
Неке ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда немесе заңда көзделген өзге негіздер бойынша ғана тоқтатылады. Ажырасу тіркеуші орган арқылы немесе сот тәртібімен рәсімделеді. Тіркеуші орган арқылы ажырасқан жағдайда неке ажырасу ресми тіркелген күннен бастап тоқтатылады. Ал сот арқылы ажырасса, сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап неке тоқтатылған болып есептеледі.

Әділет министрлігі қазақстандықтарды осындай хабарламаларға сенбеуге, ондағы күмәнді сілтемелерге өтпеуге және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды.
Қазақстанда жалдамалы пәтер бағалары шарықтады: Маман оған не себеп болғанын айтты