Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Діннің өзіне қарсы емеспін": Баян Алагөзова дін туралы жазбасы үшін кешірім сұрады

Баян Алагөзова
Фото: Instagram.com/bayanmaxatkyzy/

Продюсер Баян Алагөзова дін тақырыбындағы жазбасы қоғамда қызу талқыға түскеннен кейін өз пікіріне қайта оралып, діншіл адамдардан кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол бұған дейінгі сөздері діннің өзіне емес, діни фанатизм мен радикалды көзқарастарды күштеп таңуға қарсы бағытталғанын түсіндірді. 

“Діни фанатизм туралы жазбам қоғамды қатты дүрліктірді, сондықтан жалғасын жазуға тура келді. Сөзім діншіл адамдарға ауыр тиген болса, шын жүректен кешірім сұраймын. Өзгеге зиянын тигізбеген жағдайда әр адамға және әр сенімге құрметпен қараймын”, – деп жазды ол.

Продюсер өзін “діншіл адамдардың сезімін қорлады” деп айыптағандарға да жауап берді. Оның сөзінше, ол діннің өзіне қарсы емес, қазақ қоғамына жат деп санайтын догмаларды күштеп таңуға, радикалды және фанатикалық насихатқа қарсы.

“Мен діннің өзіне емес, халқымызға жат ұстанымдарды күштеп таңуға, радикалды әрі фанатикалық насихатқа қарсымын”, – деді Алагөзова.

Ол жазбасында қыз балаларды ерте жастан тұрмысқа беру, олардың білім алуына немесе медициналық көмекке қол жеткізуіне шектеу қою, әйелдің жеке таңдауын шектеу секілді мәселелерді мысалға келтірді. Алагөзова мұндай құбылыстарды діни фанатизмнің көрінісі деп есептейтінін айтып, бұған үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді.

“Қыз баланы жеке тұлға емес, біреудің қосымшасы ретінде көретін, оның өз бетінше қоғамға араласуына, ойын айтуына, өзін және балаларын қорғауына мүмкіндік бермейтін ұстанымдарға түбегейлі қарсымын”, – деп жазды продюсер.

Сонымен қатар Баян Алагөзова өзінің ұлттық құндылықтар мен зайырлылықты жақтайтынын атап өтті.

“Мен әрқашан ұлттық мәдени кодымызды қолдап келдім және қолдай беремін. Өз тамырымнан, ата-бабамнан, дәстүрімнен биік ештеңе қоймаймын. Бұл – менің таңдауым, менің жолым. Мен зайырлылықты қолдаймын”, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Баян Алагөзова әлеуметтік желіде дін насихатынан шаршағанын айтып, жұмақ пен тозаққа қатысты ойын жазған еді. Сондай-ақ ол жұмақтағы “72 хор қызы” туралы кең тараған түсінікті мысқылдап, сауал тастаған. Оның бұл жазбасы желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды.

Бірқатар қолданушы продюсердің сөзін мұсылмандардың сеніміне құрметсіздік деп бағаласа, енді бірі адамның дінге қатысты жеке пікір айтуға құқығы бар екенін алға тартқан. Қоғам белсендісі Фатима Қобланқызы да Алагөзованы сынап, жеке сенім мен өзге адамдар үшін қасиетті ұғымдарды келемеждеудің екі бөлек нәрсе екенін айтқан еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 16:45