Алматыдағы мектепте ата-аналар тоғыз мұғалімнің ауысуына шағымданды: Білім басқармасы түсініктіме берді
Алматыдағы №68 мектеп-гимназиясында жаңа оқу жылының басында зейнет жасындағы тоғыз педагогпен еңбек шарты ұзартылмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқушылардың ата-аналары 2026-2027 оқу жылының басындағы мектептегі кадрлық өзгерістерге алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, кемінде 12 мұғаліммен еңбек қатынастары тоқтатылған. Олардың арасында балалармен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, тәжірибелі педагогтер де бар екен.
"Біз үшін оқу жылының басында мұндай ауқымды кадрлық шешімдердің қабылдануы алаңдатады. Өйткені бұл кезде сыныптар жасақталып, мұғалімдер жұмысқа кірісіп кеткен, ал балалар өз ұстаздарынан білім алуға бейімделіп үлгерген. Педагогтердің кенеттен ауысуы білім беру процесінің үздіксіздігіне кері әсер етіп, оқушыларға қосымша психологиялық салмақ түсіреді және ата-аналардың орынды сұрақтарының туындауына себеп болады", – дейді оқушылардың ата-аналары.
Ата-аналар мысал ретінде үшінші сынып мұғаліміне қатысты жағдайды келтірді. Олардың айтуынша, ұстаз балаларға бірінші сыныптан бері сабақ беріп, оларға орыс тілі, математика және әдебиеттік оқу пәндерінен білім берген. Сонымен қатар сабақтан кейін де оқушылармен қосымша жұмыс істеген.
31 тамызда мұғалім ата-аналар жиналысын өткізіп, 1 және 2 қыркүйекте сабаққа келген. Алайда 3 қыркүйекте ата-аналар оның зейнет жасына жетуіне байланысты еңбек қатынастары тоқтатылғанын білген.

Алматы қалалық білім басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме беріп, бірнеше педагогпен еңбек қатынастарының тоқтатылғанын растады.
"Мектеп әкімшілігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, зейнет жасына жеткен тоғыз педагогпен еңбек қатынастары жалғастырылмаған. Олардың жасы 68-ден 78 жасқа дейін", – делінген басқарма хабарламасында.
Басқарма мәліметінше, еңбек қатынастарын жалғастыру туралы шешімді жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын сақтай отырып қабылдайды. Педагогтерге бұл туралы алдын ала жазбаша түрде хабарланған.
Білім басқармасы үшінші сынып мұғаліміне қатысты жағдайға да түсініктеме берді. Басқарма мәліметінше, мұғалімге еңбек қатынастарының тоқтатылатыны туралы 2026 жылдың 26 мамырында жазбаша түрде хабарланған. Ол 58 жасында зейнет жасына жеткеннен кейін мектепте тағы он жыл жұмыс істеген. Қазір жасы 68-де екен.
Білім басқармасы мектепте қажетті педагог кадрлары бар екенін және оқушылар оқуын жаңа мұғалімдермен жалғастыратынын мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін астаналық ата-аналар мектептерде оқушылардың көптігіне шағымданғаны туралы жазған едік.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде жылқының жағдайы көпшіліктің ашуын туғызды