Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді педагогтерді тестілеуден тек жас мамандар мен басшылар өтеді

мұғалімдер аттестациялау өзгередіФото: freepik.com

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау жүйесіне байланысты өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілетінін мәлімдеді. Енді бағалауда мұғалімдердің нақты жұмыс нәтижелері басты орын алады. Ал білімін тексеретін тестілеу тек кейбір санаттар үшін сақталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, педагогтерді аттестаттау жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізуде. Бұл мұғалімдердің еңбегін әділ бағалап, қажетсіз талаптар мен артық шығындарды азайтуға көмектеседі.

“Жаңа аттестация педагогтердің жұмыс нәтижелеріне негізделеді әрі барынша түсінікті, объективті форматқа көшіріледі. Ал негізгі өзгеріс- педагогтердің білімін бағалау тесті толығымен тоқтатылады. Педагогикалық білімді жаңа бітірген жас мамандар мен біраз уақыт жұмыс істемей, қайтадан мектепке оралғысы келетін мұғалімдер тест тапсырады. Ал білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары және әдістемелік орталық қызметкерлері үшін бұл тестілеу сақталады”, – делінген хабарламада. 

Министрлік барлық деңгейлер үшін авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемеліктерін ұсыну талабы алып тасталатынын алға тартты. 

“Мектепте кемінде 2 жыл үздіксіз еңбек өтілі бар педагогтер біліктілік санатын алуға өтінім бере алады. Олардың біліктілігі жаңа ережеге сай тек нақты жұмыс нәтижесіне қарап бағаланады. Яғни мұғалімнің портфолиосындағы жетістіктері, оқушыларының көрсеткіштері және оқу-тәрбие жұмысын қалай жүргізетіні ескеріледі”, – делінген ведомство хабарламасында.

Аттестаттау жүйесіне байланысты өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізіледі. Жаңа жүйеге біртіндеп көшу мақсатында өтпелі кезең енгізіледі. Өзгерістерде:

  • Педагогтердің біліктілігін бағалау тестінен өтпей қалған мұғалімнің санаты мен үстемақысы сақталады.
  • Қайта аттестаттау 2026–2027 жылға ауыстырылады.
  • Педагогтердің біліктілігін бағалау енді міндетті талап болмайды.
  • Ақылы қайта тапсыру алынып тасталды, ақша қайтарылады.
  • Кей мұғалімдер педагогтердің біліктілігін бағалау тестісіз–ақ аттестаттаудан өте алады.

Министрлік қазір педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматының қағидаларын әзірлеп жатқанын алға тартты.

STAN.KZ
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 10:47