Теміртауда екі жасар ұлын қатыгездікпен өлтірген өгей әке өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Теміртауда екі жасар ұлын айуандықпен өлтірген өгей әке өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
8 қарашада өткен сот отырысында айыпталушының ерекше қатыгездікпен жасаған қылмысы айтылды.
“2023 жылдың 23 наурызында Теміртаудағы пәтерлердің бірінен екі жасар сәбидің мәйіті табылды. Күдікті 24 наурызда ұсталды. Ол кінәсін мойындады. 27 наурызда қамауға алынды”, – делінген хабарламада.
Деректерге сай баланың жүрек тұсындағы пышақ жарақаттарынан бөлек, қолы да сынған. Анасының айтуынша, күйеуі ұсталған кезде оның қолы тілінген. Ол өз тамырын кеспек болған. Ал тергеу барысында түрмеге түспес үшін өзін жынды етіп көрсеткісі келген.
Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Еске салсақ, Теміртауда ер адамның азаматтық некеде тұрған әйелінің баласын өлтіргені туралы хабарлаған болатынбыз. Кейін бүлдіршіннің анасы күйеуінің балалар үйінде тәрбиеленіп, бұрынғы әскери қызметкер болғаны туралы деректермен бөлісті. 18 рет пышақтаған азаматтың мұндай қатыгездік көрсетуіне не себеп болғаны белгісіз.