Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тасаттық ислам дінінен енген жоқ": Жауын-шашын шақыру ғұрпы қайдан пайда болған және оны қалай орындау керек?

Құрғақшылық қысқан кезде тасаттық беру ғұрпы қазақ халқында әлі де өзектілігін жойған емес. Оны бүгінде мал сою, құрбандық шалу рәсімдерінің ел ішінде орындалып жүргені дәлелдейді. Тасаттық ислам дінінен енген бе әлде тәңіршілдіктің қалдығы ма? Қазақстандықтар қазақи ғұрыпты қалай орындап жүр? Бұл туралы Stan.kz тілшісі мамандар мен Алматы облысының тасаттық ғұрпын өткізген тұрғынымен тілдесті.

Алматы облысы Кеген ауданы Кіші Қарқара ауылының тұрғыны Талғат Ақбаев ауылдастары тасаттық берген соң, бір апта жауын жауғанын айтады. Сөзінше, ғұрыптың мақсаты құрғақшылықты тоқтатуға жауын шақыру болған. Бұл рәсімнің орындалуына ақсақалдар ой салған.

“Биылғы жыл құрғақ болды. Маусымнан бастап күн ысып, жердің бәрі сарғайып, біздің ауылдың жан-жағы тасаттық бере бастады. Біз де, ауылдың үлкендері, ақсақалдары, кәсіпкерлері бірігіп құрбандық шалмақ болдық. Ауылдың кәсіпкері малды өзі аламын деп ұсынды. Судың жағасына барып, шатыр тігіп, үстел қойдық. Кәсіпкеріміз бір тай, бір қой сойды. Молда келіп, арнайы тасаттыққа бағышталатын дұғасын оқыды. Ауылдың бәрі жиналды: жасы да, кәрісі де осы ғұрыптың куәсі болды”, – дейді ол. 

Айтуынша, осыған дейін бес жыл бұрын ауылда тасаттық берілген. 

“Осыдан бес жыл бұрын қатты құрғақшылық болып, тасаттық жасадық. Бұл жыл сайын беріле бермейді. Қатты күн ысып, құрғақшылық болған кезде құрбан шаламыз. Бізден соң бірнеше көрші ауылдар да тасаттық берді”, – дейді Талғат. 

Рәсімнің бір күнге созылғанын айтты. Оған жүз шақты адам қатысқан.

“Қазан-ошақты судың жағасына апардық. Таңертең мал сойып, түске таман намаз уақытында Құран оқыттық, әйелдер дастарқан жасады, содан соң дәмнен ауыз тидік, балалар доп ойнады. Сойылған тай мен қойдың етін қазанға тұтас пісірдік. Сол жерде тамақ жасадық. Көрші ауылдан да үлкен ақсақалдар келді. Қан ағызу, жерге көму ғұрыптарын жасаған жоқпыз. Үлкен кісілердің айтуынша, тасаттық бұрыннан келе жатқан ғұрып. Кішкентай кезімде есімде, әке-шешеміз судың жағасына апарып, тасаттық берген. Суға шомылып, доп ойнаған едік”, – дейді ол. 

Шараның ұйымдастырылуына ауыл адамдары әркім шамасы келгенше 3-5 мың теңге аралығында ақша қосқан.  

Талғаттың сөзінше, мал сойылып, Құран оқытыла бастаған кезде, күн бұзылып, жауын жауған.

“Таңертең күн ысып, аспан ашық еді. Содан бастап ертесінене бір апта тоқтамай жауын жауды. Ертесінде көрші ауылдар тасаттық берді”, – дейді ол. 

Айтуынша, ауыл тұрғындары тасаттық берген соң жауын жауатынына кәміл сенген. Ешкімнің көкейінде сенімсіздік болмаған.



Этнограф, ғалым Талғат Омар тасаттықтың шығу тегі тәңіршілдіктен болса да, ондағы құрбандық шалу исламнан енген екенін, бұл өз кезегінде діннің қазақ дүниетанымына сіңгенін көрсетеді деген ойын жеткізді.

“Тасаттық деген – адамның нанымы мен тағылымы. Дін мен тағылымды біз шатастырып жүрміз. Дін – догма, қатып қалған дүние. Оны бұрмалауға шариғат рұқсат бермейді. Ал таным ғылыммен байланысты дүниетаным. 

Осы екі нәрсені көбі шатастырады. Дүниетаным деген төменгі сатысында шектеу бар, ал жоғарғысында шектеу жоқ. 

Тасаттық бұл – энергия. Адамның пиғылы мен табиғат бір-бірімен тығыз байланысты. Тарихтағы бақсылар, Ванга, Мессинг сияқты көріпкелдер ғарышпен байланысы бар адамдар. Ал исламда Құдаймен тек Мұхаммед пайғамбар сөйлесе алған деген тұжырым айтылады”, – дейді ол. 

Тасаттық берген кезде адам көк тәңгірге, аспанға табынады деді.

“Жауын-шашынды беретін аспан, энергия. Аспанға негізі қан шашпайды, ақ шашады. Төрт түлік малдың өнімдерін аспанға қаратып шашатын. Исламда құрбандық шалу ұғымы енгеннен соң мал сойылып жүр. Негізі бұл дұрыс емес. Биікке шығып, ақ шашу қажет. Мәселен, бұрынғы қазақтар үйге жылан кірсе, үстіне ақ құйып шығарған, оны өлтірмеген. Қазақтар үйге келген жыланды қонақ деп есептейді. Сонда үйге кірген не керегеге жабысып тұрған жылан өзі шығып кететін болған. Ал жолаушының артынан да жолға шыққанда ақ шашқан. Ал өлген кезде топырақ шашады. Қазір бұл наным моңғолдарда сақталған. Ислам біздің дүниетанымымызға еніп, араласып кеткені соншалық, тәңіршілдік пен ислам “будандасып” кетті”, – дейді Талғат Омар. 

Айтуынша, тасаттық бұл – жақсы тілек сияқты. Этнограф тасаттықты жауан-шашын шақыру мақсатында ғана емес, тілектерді орындау мақсатында жасауға да болатынын сөз етті. Ол үшін құрбан шалудың қажеті жоқ. 

“Жақсы тілекпен жүрсең жақсы энергия аласың. Халық жиналып, ас ішуге болады. Көкалды өзен, судың бойына барып, суға ақ құюға болады. Пайда үшін тірі жанды өлтіру міндетті емес. Жақсылық жасағың келсе, аман алып қалғаның дұрыс. Біздің тәңіршілік дүниетаным ғылымға негізделген. Тәңіршілдікте тірі жанды өлтіру, қинау деген жоқ”, – дейді ол.


Қуаңшылық кезінде құрбандық шалған дұрыс па: Бас мүфти жауап берді 


Тасаттық қандай жағдайда орындалады? 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы тасаттық – жаңбыр жаумай, құрғақшылық болған кезде Алла Тағаладан жаңбыр сұрап, дұға ету екенін айтты.

“Ол жайында шариғат кітаптарында: "Имам көпшілікпен бірге қала не ауылдың сыртына өзінің әлсіздігі мен мұқтаждығын көрсетіп, Алладан қорыққан, жалбарынған күйде шығады. Жаңбыр тілеуге шыққан жұртшылық истисқа намазын оқыса да болады немесе тек дұға, истиғфармен (кешірім тілеу) шектелсе де жеткілікті. Имам жамағатқа уағыз айтады, күнәларына тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім сұрауға, араздасқандарды татуласуға шақырады. Соңынан имам құтба оқып, құбыла тарапқа қарап, Алла Тағалаға дұға етіп, жаңбыр жаууын сұрайды", деп баяндалған”, – дейді ол сөзінде.

Айтуынша, шариғат кітаптарында жаңбыр тілеу кезінде мал сойылып, еті таратылатындығы жайлы айтылмайды. Дегенмен, садақа беру Алла Тағалаға жақындататын ізгі амалдардың бірі болғандықтан Алла разылығы үшін құрбан шалып, етін мұқтаждарға тарату – сауапты іс.  Хадисте: "Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады" делінген.

Ал малдан аққан қанды жерге көміп тастаған абзал болады. Оны суға ағызбайды. Мал сойылса, етін мұқтаж адамдарға таратып берген жақсырақ болады.

Тасаттықты міндетті түрде жұма күні орындау қажет пе?

Дін өкілінің айтуынша, тасаттықты міндетті түрде жұма күні орындау қажет деген шарт жоқ. 

Тасаттық қабылданбауы мүмкін жағдайлар бар ма?

Жаңбыр сұрауға шыққан уақытта Аллаға күнәлары үшін шынайы тәубе етіп, ренжіскен адамдар болса бір-бірінен кешірім сұрап, садақаларын беріп шығады. Егер жауын жаумаса, екінші және үшінші күндері тағы қайталаса болады. Тасаттық (истисқа) тек қуаңшылық кезде Алладан жаңбыр тілеу үшін орындалады.

Талқылау