Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тараздық келіншек өзінің әйел екенін дәлелдей алмай жүр

Тараздық келіншектің туу туралы куәлігінде Қалдыбаев Нұрзат Талғатұлы деген атпен жынысы “ер” болып жазылған. Құжаттың кесірінен заңды некеге де тіркеле алмай отырған әйел айы-күні жақындағанда баласына құжатты қалай аларын білмей алаңдаулы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

Қала тұрғыны 2000 жылы дүниеге келген. Куәлігіндегі қателікті жасы 18-ге толғанда байқаған әйел кезінде біреудің жіберген қателігінің кесірі тиіп жүргенін айтады. Ол халыққа қызмет көрсету орталығының көмегіне де жүгініп көрген. Алайда олар оны сол кезде өзі туған перзентханаға жіберген. Ол мекеме жабық болғандықтан мұрғаттан құжатын іздегенімен еш нәтиже болмаған. 

“Мен қызбын ғой, құзырлы органдарға құжатымды жөндетуге келдім десем, олар күле қарайды. Тіпті маған бәлкім жынысыңды ауыстырған трансгендер шығарсың дегендер де болды. Құдай қаласа, 3 айдан соң босанамын. Енді сәбиімнің құжатына алаңдаймын. Себебі күйеуім де ер азамат, мен де құжат бойынша ер азаматпын. Енді ерден қалай бала туылады”, – дейді Нұрзат Талғатұлы.

Тұрмысқа шыққанда АХАЖ бөлімі екі ер адамды некеге отырғызбайтынын айтып, шығарып салған.

“Мысалы “ә”-ні “а”-ға ауыстырып, “ұ”-ны “ү”-ге ауыстырып қоятын қателіктер болып тұрады. Біз ондай қателіктерді түзетіп беріп жүрміз. Алайда қызды ер деп өзгерту – бізде алғашқы жағдай. Бастысы, заң шеңберінде шешілуге тиіс”, – деді Тараз қалалық №1 қалалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Шалқар Елемес. 

Халыққа қызмет көрсету орталығы құжаттағы қатені жуық арада реттеп беруде уәде етті. Жас отбасы Нұрзаттың құжаттары реттелсе, алдымен некеге тұрмақшы. 

 

 

 

Талқылау