"Тағы қайталаса, қамауға алынады": Динара Сәтжан ақтөбелік емшіге қатысты сот шешімінен кейін жазба жариялады
Танымал тележүргізуші, кәсіпкер Динара Сәтжан өзіне тіл тигізген ақтөбелік емші Бағдагүлге қатысты сот үкімі шыққаннан кейін жазба жариялады. Сот шешімімен емшіге 1,5 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Динара Сәтжанның сөзінше, бірнеше ай бұрын Бағдагүл әлеуметтік желіде өзіне, Баян Мақсатқызына және тағы бірнеше танымал адамға тіл тигізіп, ауыр айыптар таққан.
Тележүргізуші сол кезде әлеуметтік желіде сөз таластырмай, мәселені заң аясында шешуге бел буғанын айтты.
“Дауласпадық, әлеуметтік желіде оны желіктіріп, кері реакция жасамадық. Біз тек сотқа бердік. Кеше Баян екеуіміз сотта жеңіске жеттік”, – деп жазды Динара Сәтжан.
Оның айтуынша, сот Бағдагүлге 1,5 миллион теңге айыппұл салған. Бұл қаражат Динара Сәтжан мен Баян Мақсатқызына емес, мемлекетке төленеді.

Сондай-ақ тележүргізуші мұндай әрекет қайталанса, емшіге әкімшілік қамау жазасы қолданылуы мүмкін екенін жеткізді.
“Адам басқа біреудің абыройына нұқсан келтіретін сөз айтқанда, әр сөзі үшін жауап беретінін ұмытпауы керек”, – деді ол.
Динара Сәтжан бұдан бөлек, алда тағы бір сот отырысы барын мәлімдеді. Бұл жолғы іс қорлау дерегіне қатысты.
Тележүргізуші әлеуметтік желі қолданушыларын өзгенің ар-намысына тиетін сөз айтудан сақ болуға шақырып, сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайтынын еске салды.
“Сөз бостандығы – аузыңа келгенді айту емес. Сөз бостандығы – өз сөзіңе жауапкершілік ала білу”, – деп түйіндеді Динара Сәтжан.
Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова ақтөбелік “TikTok-емшіні” тексеруді талап еткені хабарланған еді. Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде сынықшы әрі емші ретінде танылған. Алайда кейінгі уақытта оның тікелей эфирдегі мәлімдемелері көпшілік арасында дау тудырып жүр. Соңғы дауға тележүргізуші Динара Сәтжанға қатысты айтқан сөздері себеп болды.
Осыдан кейін Динара Сәтжан емшінің қызметі мен табысына қатысты бірқатар сұрақ көтерген. Ол “ақылы бата” үшін түскен қаржы қайда аударылатынын, емшінің салық төлейтін-төлемейтінін, адам емдеуге лицензиясы бар-жоғын анықтауды сұраған.
Ал күні кеше ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесоваға сот үкімі шықты. Ол продюсер Баян Алагөзова мен журналист Динара Сәтжанға қатысты “жала жабу” бабымен кінәлі деп танылып, 1 миллион 557 мың теңге айыппұл арқалады.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады