Блогер Жанәбіловтерден тәркіленген көліктер кімге тапсырылды
Блогер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген Hyundai Elantra маркалы сегіз көліктің барлығы Бас прокуратура жанындағы ведомствоға берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін блогерлерден тәркіленген көліктер аукционға шығарылып, кейін олар мемлекеттік органдарға берілді. Атап айтқанда, сегіз көлік те Бас прокуратура жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына тапсырылған.
Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мәліметінше, тәркіленген көліктерді алуға ниет білдіргендер бірнешеу болған. Сегіз Hyundai Elantra көлігінің әрқайсысына үш өтінімнен түскен.
Өтінімдерді тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдар бере алады. Оларды қарау қорытындысы бойынша, 7 шілде күні барлық сегіз көлік Бас прокуратура жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына тапсырылды.
9 шілдеде департамент көліктерді ведомствоға бекіту туралы бұйрық шығарған, ал 13 шілдеде олар қабылдау-тапсыру актісі бойынша берілген. Осылайша, сегіз көліктің барлығы бір құрылымның балансына өтті.
Алайда басқа үміткерлердің нақты қай ведомстволар болғаны белгісіз.

Неліктен көліктер Бас прокуратураға тапсырылды?
Тәркіленген мүлікті беру кезінде бірнеше талап ескеріледі. Мемлекеттік органның белгіленген нормативтер шегінде автокөліктің қажет екенін растауы керек. Сондай-ақ ведомство көлікті қажетіне пайдаланып, оның көліктерді күтіп-ұстау мен пайдалануға жеткілікті қаражаты болуы тиіс.
Жоғарыда айтылғандай, әр көлікке үш өтінімнен түскен.
Қолданыстағы ережеге сәйкес, бір мүлікке бірнеше мемлекеттік заңды тұлға үміткер болған жағдайда, белгіленген талаптарға сәйкестігімен қатар, өтінімдерді беру кезектілігі де ескеріледі.
Көліктердің құны қанша?
Көліктер ведомствоға тапсырылмас бұрын оларды "Елордалық бағалау компаниясы-KZ" ЖШС бағалаған. Сегіз көліктің жалпы нарықтық құны 67 155 000 теңге болды.
Жеті Hyundai Elantra көлігінің әрқайсысы 8 395 000 теңгеге, тағы бір көлік 8 390 000 теңгеге бағаланды.
Бұл – көліктердің сатып алу бағасы емес, оларды мемлекеттік органның балансына қою кезінде белгіленген бағалау құны.
Бұл жағдайда тәркіленген мүлік ведомствоға кәдімгі аукцион арқылы сатылмаған. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, көлік құралдары сатылымға шығарылмас бұрын алдымен белгілі бір мемлекеттік органдарға ұсынылады. Егер тиісті өтінім түсіп, комиссия мүлікті беруді экономикалық тұрғыдан тиімді деп таныса, ол мемлекеттік заңды тұлғаның балансына бекітіледі.
Егер өтінімдер болмаса немесе мүлікті мемлекеттік органдарға беру тиімсіз деп танылса ғана ол ашық саудаға шығарылады.
Бұл көліктер алдағы уақытта сатыла ма?
Бас прокуратура алған көліктерін өз бетінше сата алмайды.
“Мемлекеттік заңды тұлғалар өздеріне бекітілген мемлекеттік мүлікті өз қалауы бойынша сатуға, иеліктен шығаруға немесе үшінші тұлғаларға беруге құқы жоқ. Мұндай мүлікке қатысты шешімді Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті немесе оның аумақтық бөлімшелері қабылдайды”, – деп мәлімдеді мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.
Сондай-ақ ведомство бұл мүліктің түрі мен мемлекеттік органның мәртебесіне байланысты екенін атап өтті.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.
27 сәуір күні прокурор Олжас Хайруллаев блогерлерге жаңа жаза мерзімін сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеуді сұрады.
Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдыруды сұрады. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған. Кейін судья үкім шығарып, Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жыл бас бостандығынан айырылды.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады
