Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар енді үй жануарынан бас тартқан жағдайда оны орналастыруға міндеттеледі

үй жануары
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда үй жануарынан бас тартқан иесі оны жай ғана көшеге тастап кете алмайды. Жаңа талап бойынша жануарды баспанаға, уақытша ұстау пунктіне немесе оны асырауға жағдайы бар басқа адамға беру міндеттеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығында егер жануардың иесі немесе оған жауапты адам оны әрі қарай асырай алмаса, оны жаңа орынға орналастыруға тиіс екені айтылған.

Яғни оны жануарларға арналған баспанаға, уақытша ұстау пунктіне тапсыруға немесе жануарды ұстауға жағдайы бар жеке не заңды тұлғаға беруге болады.

Егер жануар уақытша ұстау пунктіне тапсырылса, бұрынғы иесі оның әрі қарайғы жағдайы анықталғанға дейін асырау шығындарын төлеуге міндетті.

"Жануардан бас тарту үй жануарының иесі немесе оған жауапты адамның жануарға қатысты міндеттерін тоқтатпайды. Мұндай міндеттер жануарға меншік құқығы басқа адамға өткенге, жануар баспанаға берілгенге немесе уақытша ұстау пунктіне тапсырылған жағдайда оның заңды тағдыры анықталғанға дейін сақталады", – делінген құжатта.

Еске салайық, бұған дейін мамыр айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұралқы және үй жануарларына қатысты заңға қол қойған еді. Құжатта жануарларды аулау, ұстау және эвтаназия жасау тәртібі нақтыланып, қаңғыған жануарлар санын реттеу жергілікті әкімдіктердің құзыретіне берілді. Сонымен қатар жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін айыппұлдарды күшейту ұсынылды.

Айым Атамбаева
Жұма, 14 Тамыз, 2026 11:28