Павлодар облысында полиция бөлімінде ер адам жұмбақ жағдайда көз жұмды
Павлодар облысындағы ГРЭС-2 полиция бөлімінде 37 жастағы ер адам қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, Ринатты үйінің маңынан ұстап әкеткен, ал жарты сағаттан кейін анасына полиция бөлімшесіне келуін сұраған. Отбасы оның өлімін өзіне қол жұмсады деген түсіндіруге күмән келтіріп, полицияға бірқатар сұрақ қойып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
11 тамызда Павлодар облысының Солнечный кентінде орналасқан ГРЭС-2 полиция бөлімінде 37 жастағы Ринат қайтыс болды. Оқиға туралы марқұмның әпкесі айтып, оқиғаға қатысты видео жолданған.
Видеода марқұмның анасы полиция қызметкерлеріне қоңырау шалғанын, сол жерде баласын босатуды сұрағанын айтады. Оның сөзінше, ол қызметкерлерден телефонын алып қоймай, баласын жіберуді өтінген. Ал інісі ағасының полиция бөлімшесінде болған жағдайына байланысты ашуын білдіріп, оны осындай күйге жеткізгендерді жауапқа тартуды талап етеді.
Туыстарының айтуынша, Ринатты үйінің маңынан ұстап әкеткен. Сол сәтте оның қасында інісі болған. Арада шамамен жарты сағат өткен соң полиция қызметкері Ринаттың анасына қоңырау шалып, бөлімге келуін сұраған. Әйел полициядағы арнайы бөлмеде ұлының асылып тұрғанын көрген.
Марқұмның жақындары полицияның "шолақ шалбардың бауына асылып, өзіне қол жұмсады" деген нұсқасына күмән келтіреді. Олар Ринатты не себепті ұстағанын, арнайы бөлмеге орналастырмас бұрын тінту жүргізілген-жүргізілмегенін және қызметкерлер оның әрекетін неге байқап, алдын алмағанын сұрайды.

Ал Павлодар облысының полиция департаменті ер адамның мас күйінде болғанын және қоғамдық тәртіпті бұзғанын мәлімдеді. Департаменттің пікірінше, ол бұған дейін сотталған және әкімшілік жауапкершілікке де тартылған.
Полицияның дерегіне сенсек, ер адам ұсталып, арнайы бөлмеге орналастырылған. Біраз уақыттан кейін оны ес-түссіз күйде тапқан.
Алайда марқұмның туыстары оның қоғамдық тәртіпті бұзғаны және өзіне қол жұмсағаны туралы нұсқамен келіспейді. Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталуға тиіс.
Еске салайық, бұған дейін былтыр 29 қыркүйекте Қарағанды облысында учаскелік полиция қызметкері 23 жастағы қызды полиция бөлімшесіне әкелген. Келесі күні екеуі де ес-түссіз күйде табылып, қыздың көз жұмғаны анықталған. Полицей ауруханаға жеткізіліп, аман қалған. Оқиғадан кейін бірнеше полиция басшысы қызметінен босатылып, бірқатар қызметкер тәртіптік жауапқа тартылды.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады