Жамбыл облысында арнайы жасақ инспекторы өзіне оқ атты

Қордай аудандық полиция бөлімінде жедел әрекет ету арнайы жасағының казарма дәлізінде 1995 жылы туған арнайы жасақ инспекторы өзіне қол жұмсады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
HALYQSTAN Telegram арнасының мәліметінше, лейтенант қызметтік қарудан, болжам бойынша SIG Sauer тапаншасынан, самай тұсына оқ атқан. Оқиға орнына келген дәрігерлер оны ауыр хәлде аудандық орталық ауруханаға шұғыл жеткізді.
Өкінішке қарай, кешке ол есін жимастан жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Полицейдің мұндай қадамға не себепті барғаны әзірге белгісіз. Қылмыстық іс “Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қозғалғаны анықталды.
ОқыңызБұған дейін Атырау облысындағы полигонда сарбаздың қаза тапқаны туралы жазған едік. 12 наурыз күні Атырау гарнизонындағы әскери бөлімшеде далалық жаттығулар кезінде сарбаз көз жұмды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбаз оқ жарақатын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға қаруды ұстау ережелерін бұзу салдарынан болған.
Сарбаз дереу медициналық мекемеге жеткізілгенімен, оны құтқару мүмкін болмады. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.