Қарағандыда қыздың өліміне қатысты бұрынғы полиция майоры сот алдында жауап беріп жатыр
Қарағандыда қызметтік ғимараттан 23 жастағы қыздың мәйіті табылған іске қатысты сот процесі басталды. Оқиға кезінде ес-түссіз жатқан бұрынғы полиция майоры айыпталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағандыда 23 жастағы қыздың өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Іс бойынша бұрынғы полиция майоры айыпталып отыр. Сот отырысы жабық режимде өтеді.
Оқиға былтыр қыркүйек айында болған. Кешкі сағат 22:00 шамасында учаскелік полиция инспекторының кабинетінде 23 жастағы қыздың мәйіті табылған. Ал көрші бөлмеден 36 жастағы майор ес-түссіз күйде анықталған.
Сол кезде полиция қызметкері мен қыздың есірткі заттарын қолданғаны туралы ақпарат тараған. Алайда полиция басшылығы бұл мәліметті растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Кейін есін жиған полиция қызметкері қызметінен босатылып, қамауға алынған.

Бүгінде іс сотқа жетіп, алғашқы отырыс өткен. Айыпталушының адвокаты Әсет Түбеков сот процесін жабық өткізуді сұраған. Оның айтуынша, қылмыстық іс материалдарында айыпталушы мен марқұмға қатысты интимдік сипаттағы мәліметтер мен жеке хат-хабарлар бар.
"Істе жеке сипаттағы, оның ішінде интимдік мәліметтер мен жеке хат-хабарлар болғандықтан, сот отырысын жабық өткізуді сұраймын", – деді Әсет Түбеков.
Судья өтінішті қанағаттандырып, журналистерді сот залынан шығарған. Сотқа марқұмның анасы мен әпкесі келген. Олардың мүддесін облыстық прокуратура өкілдері қорғайды. Қыздың туыстары бұрын журналистердің сот отырысына қатысуына рұқсат беруді сұраған.
Марқұмның жақындары бұрынғы полиция қызметкері өзінің қызметтік жағдайын пайдаланды деп есептейді.
"Ол анасынан рұқсат алмай ешқайда шыға алмайтын. Полиция қызметкері оны шақырып, осындай жағдайға жеткізді деп ойлаймыз. Бала анасыз қалды. Бес жастағы ұлы күн сайын анасын іздеп, жылайды", – дейді марқұмның туыстары.
Қайғылы оқиғадан кейін Қарағанды қаласы мен облыстық полиция департаментінің бірнеше қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оларға қатаң сөгіс жарияланып, аудандық бөлім басшысы қызметінен босатылған.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы “Құқық қорғау органы қызметкерінің қызмет бойынша әрекетсіздігі” бойынша қозғалған. Ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Марқұмның бес жасар ұлы қалған. Анасы соттан айыпталушыға тым жеңіл жаза тағайындалып кетуі мүмкін деп алаңдайды.
Сот процесі жабық болғандықтан, істің мән-жайы мен тараптардың ұстанымы толық жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысының Хромтау қаласында полицей жездесіне қызметтік тапаншадан төрт рет оқ атқан. Сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Оқиға кезінде полиция қызметкері мас болған және қызметтік қаруын өзімен бірге алып жүрген. Оқ тиген 37 жастағы ер адам ауыр жарақат алғанымен, аман қалды.
Қазақстанда кімдер жәрдемақысыз қалуы мүмкін: Мемлекет табысты қалай есептейді