Бавария премьер-министрі Тоқаевқа футболшылардың қолы қойылған жейде сыйлады
Германияға ресми сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесу өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Баварияға шақырып, қонақжайлықпен қарсы алғаны үшін Премьер-министр Маркус Зёдерге алғыс айтты.

“Баварияның өзіне тән ерекшелігін, экономикалық қуатын, инновациялық әлеуетін жоғары бағалаймын. Кеше Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық Канцлер Фридрих Мерцпен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздім. Уағдаластықтарымызды нақты нәтижеге айналдыруға ниеттімін әрі аталған мәселеде Баварияны басты серіктес ретінде қарастырамын. Бұл – өнеркәсіп пен ғылымдағы өзінің озық жетістіктерін дәстүрге деген айрықша құрметімен ұштастырған өңір. Осы арқылы Бавария Германия экономикасын алға сүйреп, экономикамызды жаңғырту мен әртараптандыруда Қазақстанның сенімді серіктесі болып отыр”, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, Баварияның технологиялық табыстары мен Қазақстанның ресурстық және өнеркәсіптік әлеуетін біріктіруге айтарлықтай мүмкіндік бар.
Премьер-министр Маркус Зёдер жаңа өсім бағыттарын іздеуге айрықша мән беретін Бавария Қазақстанмен сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол елімізде табысты жұмыс істеп жатқан бавариялық компанияларға көрсеткен қолдауы үшін Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында Тоқаев Бавария премьер-министрімен қонақжай қазақ жерінде жүздесуді асыға күтетінін айтты.
Бавария премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа мюнхендік "Бавария" ойыншыларының қолы қойылған жейдені сыйға тартты.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Германиямен миллиардтаған долларлық шартқа қол қойғаны туралы жазған едік.
Қазақстандық дәрігерлер Республика күніне сыйақы берілмегеніне жаппай наразы болды: Сыйақыны кімдер алады