"Әпкесі баланы шешіндіріп, еркелетеді": 2-сынып оқулығындағы даулы үзінді қазақстандық ата-аналардың наразылығын туғызды
Алматыда 2-сыныпқа арналған "Әдебиеттік оқу" оқулығындағы шығарма ата-аналардың наразылығын туғызды. Онда ұйықтап жатқан баланың әпкесі оны шешіндіріп, еркелететін көрініс жазылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
2-сыныптың "Әдебиеттік оқу" оқулығында "Әкемен ұрыс" әңгімесінің соңғы үзіндісі көптің назарын аударған. Мұнда ұйықтап жатқан баланы әпкесінің шешіндіріп, еркелетіп сөйлейтіні туралы жазылған. Кітаптағы осы көрініс ата-аналардың наразылығын туғызып, мәтіннің бастауыш сынып оқушыларына қаншалықты лайық екенін талқыланды.
Әңгіменің басында Еркеғали достарымен ойнау үшін үйден сіріңке алып шығады. Балалар от жағып ойнай бастағанда, мұны анасы көріп қояды. Үйге келген соң әкесі баласына қатты ренжіп, көңілін қалдыратын сөздер айтады. Бала бөлмесіне барып жылап ұйықтап қалады. Осыдан кейін әпкесінің түсініксіз әрекеті суреттеледі. Филологтың айтуынша, көркем шығармада жағымсыз кейіпкердің болуы қалыпты. Бірақ бастауыш сыныпқа арналған мәтінде баланың жас ерекшелігі мен психологиясы ескерілуі керек.
“Бұл жерде ескерілмеген бір дүние. Бұл тек қанан көркемдік әдеби тәсіл емес, бұл жерде психологиялық педагогикалық әдістеменің дұрыс қолданылмағаны. Және 2-сыныпқа арналған әдебиеттік оқу орыс тілінің әдебиет оқулығындағы типтік стандарттарға сәйкес келмейді деп өзім есептеймін. Өйткені 7-8 жасар балаға бұл екі ұшты ой қалдыруы мүмкін”, – деді филолог Жанболат Шәкім.
Даулы шығарма оқулықтың 2017 жылғы басылымында енгізілген екен. Сол кезде ол ғылыми-педагогикалық сараптамадан өтіп, 30 мектепке пилоттық нұсқа ретінде қалдырылған. Ал 2022 жылы кітаптың негізгі материалы ретінде қайта басылған. Ал Оқу-ағарту министрлігі бұл үзіндінің негізгі мақсаты жауапкершілікке тәрбиелеу дейді. Айтуларынша, мәтін балаларға ата-ананың сөзін тыңдауды және отбасы мүшелеріне қамқор болуды түсіндіру үшін берілген.
“Кейбір педагогтар ашық сабақтарда көрсетті үзінділерін. Біз міне осылай талқыладық, балалар түсінді. Ең басты не жауапкершілікті тәрбиелеу, балаларға және сонымен қатар бір-біріне деген қамқорлық көрсете білу. Отбасының ішінде және ата-аналардың тілін алу дегендей, ата-аналардың сөзіне назар аудару деген осындай мағынада берілген үзінді”, – деді Оқу-ағарту министрлігі сараптама бөлімінің басшысы Ләззат Байымбетова.
Ал автор Дария Жұмагелдінова "Еркеғали - тентек бала" шығармасын өз ұлына арнап жазғанын айтады. Сөзінше, әңгіме қазақтың ерке баласының өмірін баяндайды. Ал қазір оқулық мазмұны қайта қаралып жатыр. Министрлік келесі жылдан бастап жаңартылған бағдарламамен жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Мемлекет табысымызды қалай есептейді және кімдер жәрдемақысыз қалуы мүмкін?
