Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел әскерді толық келісімшарттық негізге көшіру бойынша петиция жариялады

әскерилер

Фото: magnific.com

Қоғам белсендісі Әсел Фролова қорғаныс министрлігіне петиция жолдап, Қазақстан әскерін кезең-кезеңімен толық келісімшарттық негізге көшіруді сұрады. Оның пікірінше, бұл сарбаздардың қауіпсіздігін арттырып, армияның кәсібилігін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Петиция авторының пікірінше, әскердегі қайғылы оқиғалар мен төтенше жағдайлар қолданыстағы жүйені реформалау қажеттігін көрсетеді. Ол Конституцияда адам өмірі ең қымбат қазына ретінде бекітілгенін айтып, кәсіби армияға кезең-кезеңімен көшуді ұсынады.

"Келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілердің санын біртіндеп арттырып, мерзімді әскери қызметшілердің санын кезеңімен азайту қажет", – деді Әсел Фролова.

Оның сөзінше, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Испания және Италия секілді елдерде армия келісімшарт негізінде жасақталған. Сондай-ақ Словения, Словакия және Шри-Ланкада мерзімді әскери қызметтен бас тарту тәжірибесі бар.

Белсенді міндетті әскери борыштан біртіндеп бас тартып, армияны әскери қызметті өз еркімен таңдаған азаматтармен жасақтауды ұсынады. Оның айтуынша, бұл әскерді әлсірету емес, керісінше әскери қызметтің беделі мен жауынгерлік даярлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Петицияға қатысты қоғам пікірі әзірге әртүрлі. Құжат қазіргі уақытта тексеру кезеңінен өтеді. Одан кейін ғана азаматтардың қол қоюына ұсынылмақ.

Ал жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сарбаздардың моральдық-психологиялық ахуалын жақсарту міндеттерін атап өткен.

Әскерді толық келісімшарттық негізге көшіру туралы петицияның әрі қарайғы тағдыры тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Еске салайық, бұған дейін аудиторлардың қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының жұмсалуын тексеріп жатқаны туралы жазған едік. Тексеру бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалғанын және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу мәселелерін қамтиды.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 09:33