“Шағым жаздырып, ақшасын бермеді”: Еркежан Шайхтың оқырмандары блогерге наразылық білдірді
Желіде блогер Еркежан Шайхиеваға қатысты дау туындады. Оқырмандарының бір бөлігі оның өтінішімен басқа блогердің үстінен шағым жазғанын, бірақ күткен сыйақысын алмағанын айтып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес, Еркежан Шайх оқырмандарын e-Otinish мемлекеттік платформасы арқылы блогер Алёна Панамареваның үстінен шағым беруге шақырған. Ол осы үшін ақшалай сыйақы жасауға уәде берген.
"Қазір маған көмектесіп жатқан адамдардың бәріне алғысымды білдіремін. Мен жақсылықты бағалайтын адаммын: бәрімен кездесемін, кешкі асқа шақырамын немесе сыйлық, ақша жіберемін”, – делінген скриншотта.

Threads қолданушысының сөзінше, бірнеше оқырман сыйақы алудан үміттеніп, блогерге жазған. Алайда олар ақша алмаған.

Ал Еркежан Шайх ешкімге ақша төлеуге уәде бермегенін, тек сөзбен алғыс айтатынын жеткізген.

Threads қолданушысы блогерді мемлекеттік сервисті жеке бас араздығын шешу және өзге адамға қысым көрсету үшін пайдаланды деп те айыптаған. Ол жазбасына Еркежан Шайхтың оқырмандарын шағым беруге шақырғаны көрсетілген скриншоттарды тіркеген. Онда e-Otinish арқылы Панамареваның үстінен өтініш жолдау, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураға және Президент әкімшілігіне жазу туралы нұсқаулар берілген.

Қолданушы құзырлы органдардан осы жағдайды тексеруді сұрап, Алматы полициясының және eGov парақшаларын белгілеген.
"Мемлекеттік сервистердің қудалау немесе қысым көрсету мақсатында пайдаланылуы мүмкін екенін тексеруді, қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұраймын. Заңбұзушылық анықталса, заңда көзделген шаралар қабылдансын", – деп жазған ол.
Бұдан бөлек, желі қолданушылары блогердің жарияланымдарында өзге адамдардың жеке деректері, хат алмасуы, фотосуреттері мен жеке өміріне қатысты мәліметтер таралуы мүмкін екеніне назар аударуды өтінген.
Еркежан Шайхиева кім?
Еркежан Шайхиева – әлеуметтік желіде Шайх (shaikh01kz) атымен танымал қазақстандық блогер әрі инфлюенсер. Ол Қытай, шопинг, сұлулық және саяхат тақырыптарында контент жасап, Қытайға бизнес турлар ұйымдастырады.
Бұған дейін блогер бірнеше қоғамдық даудың ортасында болған. Инфлюенсер Зүлфия Худиярова оны көпшілік алдында қорлау мен жала жапты деп айыптап, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы полицияға арыз түсірген.
2026 жылдың басында Шайхиева Air Astana әуе компаниясымен де дауға қалған еді. Ол Алматы-Гуанчжоу рейсі кезінде өзін жайсыз сезінгенде экипаж тиісті көмек көрсетпеді деп мәлімдеген. Алайда компания қызметтік тексеру нәтижесінде экипаж барлық нұсқаулыққа сай әрекет еткенін хабарлап, қажет болған жағдайда өз іскерлік беделін сот арқылы қорғауға құқылы екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар блогер Еркежан Шайхиева Перизат Қайраттың ісіне қатысты бірнеше жазба жариялап, өзіне белгілі болған жайттарды көпшілікке ұсынды. Оның айтуынша, Перизат Қайрат өзін Bizbirgemiz қорының қызметін ешқандай жалақысыз басқаратынын айтып таныстырған. Сондай-ақ блогер Перизат Қайраттың өзімен болған хат алмасудың скриншоттарын жариялап, онда қор қызметі, қайырымдылық жұмыстары және ықтимал ынтымақтастық туралы жазылған хабарламаларды көрсетті.
Шайхиева жариялаған жазбаларында Перизат Қайраттың Газа секторына гуманитарлық көмекке жеке өзі бармағаны туралы да пікір білдіріп, бұл сапарға басқа еріктілер қатысқанын алға тартты. Сонымен қатар ол Перизат Қайраттың бұған дейін өзіне жолдаған хабарламаларын жариялап, олардың мазмұнына назар аударды.
Блогердің сөзінше, осы жазбалардан кейін кезінде Перизат Қайратты әлеуметтік желіде жарнамалаған блогерлердің мұны қандай мақсатта жасағанын түсінгенін айтқан. Оның жарияланымдары Перизат Қайраттың ісіне қатысты қоғамдағы талқылаудың бір бөлігіне айналды.
"Өмірді жасқа қарап шектемеу керек": 73 жастағы қазақстандық зейнеткер шпагатқа отырып, басымен тұрады