Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов отставкаға өтініш берді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім заңды күшіне енгеннен кейін қызметінен кету туралы өтініш жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Жақыпованың мәліметінше, облыс әкімі заңнама талаптарына сәйкес отставкаға өтініш бергенімен, оның өтініші қанағаттандырылмаған.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен отставкаға кету туралы өтініш берді. Өтініш қаралғаннан кейін, оның аталған іске қатысы жоқ екендігі ескеріліп, отставканы қабылдамау туралы шешім қабылданды. Облыс әкімінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы қызметі қалыпты режимде жалғастырып жатыр", – деп хабарлады ол.
Бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімі оның орынбасары, аппарат басшысы немесе аудан, облыстық маңызы бар қала әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға өтініш беруге міндетті екенін түсіндірген еді.
Жақсылық Омар не үшін сотталды?
3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жақсылық Омарды алаяқтық және пара алу факілері бойынша кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімімен оның Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.
Прокуратура өкілдері Омардың әрекеттері мемлекеттік қызметтің негіздеріне және қоғам сеніміне нұқсан келтіргенін атап өтті. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандардың амнистияға немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға құқығы жоқ екені ескертілді.
Тергеу нұсқасы бойынша, Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі болып тұрған кезде танысын кәсіпорын атынан демеушілік көмек ретінде автокөлік рәсімдеуге көндірген. Кейін Toyota Camry 75 көлігі үшінші тұлғалардың атына аударылып, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа автокөлікке айырбасталған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі – 13 миллион теңге.
20 миллион теңге көлеміндегі пара
Іс материалдарына сәйкес, Омар қала әкімдігі қызметкерінен "жалпы қамқорлығы" үшін 20 миллион теңге талап еткен. Қызметкер бұл туралы ҰҚК-ге хабарлаған. Арнайы операция барысында күдіктіге параның алғашқы бөлігі – 6 миллион теңге қолма-қол берілген.
Жақсылық Омар сотта өз кінәсін толық мойындады. Соңғы сөзінде ол бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлмен алмастыруды сұрады.
"Бәрін ой елегінен өткізуге жеткілікті уақыт болды. Ең қиыны болған жағдайды кері қайтара алмайтынымды түсіну. Мен мемлекетке масыл болғым келмейді, керісінше өз үлесімді қосқым келеді. Қарызға батсам да, айыппұлды төлеймін. Түсіністік танытасыздар деп үміттенемін", – деді ол.
Алайда 20 мамырда апелляциялық сот оның шағымын қанағаттандырмай, алғашқы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Жақсылық Омар туралы не белгілі?
Жақсылық Омар 1980 жылғы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданының Үшарал ауылында дүниеге келген.
Білімі:
- 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін "география" мамандығы бойынша тәмамдаған;
- 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінде "жергілікті және мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша білім алған;
- 2018 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленген.
Еңбек жолы
- 2001–2005 жылдары – Мәдениет және ақпарат министрлігінде жетекші және бас маман;
- 2005–2007 жылдары – Қаржы министрлігінің маманы;
- 2007–2009 жылдары – "Қазақстан" телерадиокорпорациясында директор орынбасары, кейін "Арна медиа" холдингінде бас менеджер;
- 2009–2010 жылдары – ШҚО әкімінің көмекшісі;
- 2010–2011 жылдары – ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы;
- 2011–2013 жылдары – ШҚО мәдениет басқармасының басшысы;
- 2013–2016 жылдары – Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары;
- 2016–2018 жылдары – Алматы облысы әкімінің орынбасары;
- 2018–2024 жылдары – Өскемен қаласының әкімі;
- 2024 жылдан 2025 жылғы 4 сәуірге дейін – ШҚО әкімінің кеңесшісі;
- 2025 жылғы 7 сәуірден бастап – Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Еске салайық, бұған дейін Өскемен қаласының бұрынғы әкімі, кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Жақсылық Омар сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылған еді. Сот оны қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып заңсыз сыйақы алды деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкіммен келіспеген экс-шенеунік апелляциялық шағым түсіргенімен, Шығыс Қазақстан облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр
Оқыңыз