Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Су дәретхананы толтырып, жағымсыз иіс тарайды": Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары жерасты суымен алысып жүр

Маңғыстау облысында тұтас ауыл халқы жер астынан шыққан сумен алысып жатыр. Қора-қопсы мен көшеге жайылған су үйлерге кіре бастаған. Тұрғындар жаңбыр жауған күні көше көлге айналып, аяқ басып жүру мүмкін болмай қалады дейді. Себебі ауылда кәріз жүйесі де тартылмаған екен. Халық қанша жыл өтсе де, шенеуніктердің бұл мәселені шешпей жатқанына ашулы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Маңғыстаудағы Атамекен ауылында күн жылыса, жерасты суы көтеріледі екен. 

“Үйде су шығып жатыр, еден асты мен аула толған су. Адамдар дәретханаға да барудан қалды. Сол үшін көмек сұраймыз. Біздің жанайқайымызды естісе деген үміттеміз. Бізге көмек керек. Бізге кәріз құбыры керек”, – деді тұрғын Тақтагүл Өтемұратова. 

Ауылға кәріз құбыры мүлдем тартылмаған. Сондықтан жерасты суы құдық пен дәретхананы толтырып, жағымсыз иіс таратады екен. Соның кесірінен кей тұрғындар шаңырағын тастап, пәтер жалдап жүр. 

“Есік алдында жүру мүмкін емес, масаға толы. Үш балам далаға, біз есіктің алдына шыға алмаймыз. Суды сатып алып ішеміз. Құдығымыздың іші быт-шыт болды. Ас үйдің еденінен түк қалмады. Түсіп қалған, астына су толған”, – деді тұрғын Мөлдір Жылданбаева.

Ал Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары жерасты суын соратын 8 дренаждық жүйе бар деп сендірді. Алайда ол жаңбыр жауғанда суды жинап үлгермейді екен. Әкім орынбасары жоба дайын, қаржы бөлінсе, биыл мәселе толық шешіледі деп отыр.

“Кәріз құбыры дренажымен бірге деген жобалық-сметалық құжаттарға өткен 2023 жылы қаражат бөлініп, қазір жоба толықтай аяқталды. Мемлекеттік сараптамаға тапсырдық. Бұйырса осы шілде айына дейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алсақ, біз құрылыс жұмысын жүргізуге бюджеттік өтінім береміз”, – деді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаев. 

Әкімдік өкілдері бұл жоба іске асса, жерасты суын алып, көгалдандыруға пайдаланамыз дейді. Айта кетейік, Ақтаудың іргесіндегі елдімекенде 40 мыңнан астам адам тұрады. 

Талқылау