Сорбұлақта жоғалған тікұшақ: Павлодар облысында ұшқыш Бахтияр Ержігітовті туыстары жер қойнына тапсырды
Фото: t.me/asaiynbaikhan
Павлодар облысында Сорбұлақта апатқа ұшыраған тікұшақтың ұшқыштарының бірі Бахтияр Ержігітовті туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұм әскери қызметкер Бахтияр Ержігітов Павлодар облысы Шарбақты ауданына қарасты Шалдай ауылында дүниеге келген және отбасының жалғыз ұлы болған. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов желідегі парақшасында мәлімдеді.
“Бахтияр – ата-анасының көз қуанышы, отбасының тірегі, елінің ертеңіне үміт болған азамат еді. Ақтөбедегі әскери училищені, Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтты тәмамдап, Семейде, кейін Жетігенде қызмет етті. Борт инженері қызметінен майор шеніне дейін көтерілді. Жасы небәрі 32-де еді. Бірақ сол қысқа ғұмырдың өзі – ерлікке, елге адалдыққа толы болды”, – делінген облыс әкімінің жазбасында.
Асайын Байханов өңір тұрғындарының атынан марқұм Бахтияр Ержігітовтің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында тікұшақ құлаған жерден екі адамның мәйіті табылған еді.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді