Соңғы қоңырауда ұстаздарға гүл беруге бола ма - Білім және ғылым министрлігі жауап берді
Соңғы қоңырау қарсаңында ұстаздарға гүл беру заңбұзушылыққа жатпай ма? Білім және ғылым министрлігі жыл сайын қойылатын сауалға жауап берді.
"Жыл сайын 1 қыркүйек немесе 25 мамыр қарсаңында қоғамда "мұғалімдерге гүл сыйлауға бола ма және ол заңбұзушылыққа жатпай ма?" деген сауал туындайды. Біздің ұстанымымыз бойынша болады. Себебі бұл игі дәстүр", деді мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрайымы Гүлмира Каримова.
Айта кетейік, биыл соңғы қоңырау 3,5 млн қазақстандық оқушы үшін соғылады. Олардың ішінде 170 мың түлек мектеп бітіреді. Аттестатты салтанатты табыстау рәсімі 16-17 маусым күндері өтеді.
Ал еліміздің барлық жалпы білім беру мектептерінде Соңғы қоңырау рәсімін бір уақытта өткізу жоспарланып отыр. Салтанатты шараға мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, ата-аналар, педагогика ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, қамқорлық ұйымдарының өкілдері, білім және ғылым министрлігі, облыстық, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалық білім беру басқармалары, білім беру бөлімдері, мемлекеттік органдар мен т.б. қатыса алады.
Бітіру кештерін білім беру мекемелері ұйымдастыруы тиіс.
Сондай-ақ:
- ақыға аниматорлар, мерекелік агенттіктер, әртістер мен жекелеген студияларды шақыруға;
- мерекелік дастархан ұйымдастыруға;
- прокатқа автокөлік алып, қалада (ауданда) экскурсия жасауға;
- мектеп әкімшілігі мен педагогтерге сыйлық алу үшін ақша жинауға;
бітіру кештерін көңіл көтеретін орындарда ұйымдастыруға тыйым салынады.