Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда бойжеткен селфи жасаймын деп 30 метрлік жардан құлады

Петропавлда фотоға түспек болған бойжеткен жардан құлап кетті. Әлсіреп жатқан оны полицейлер мен құтқарушылар зембілмен жоғары көтеріп шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Заречный кентінің тұрғыны Есіл өзенінің қарама-қарсы жағасында жатқан адамды байқап қалып, бұл туралы 102-ге хабарлаған. 

"Бірнеше минут ішінде биіктігі 30 метр болатын жардан өзен жағасына түстік. Жағада жатқан адам қыз бала екен. Жардан домалап кеткен ол балшыққа малынып, әлсіреп қалыпты. Қатты тоңып қалмас үшін оған сырт киімімізді жауып, орап, жоғарыға көтеруге тырыстық. Алайда жағадағы балшық аяқ аттатпады. Рация арқылы жедел басқару орталығына жағдайды баяндап, құтқарушылар мен жедел жәрдем жіберуді сұрадық", – дейді инспектор Төлеген Алдабергенов.

Құтқарушылар мен полицейлер оны арнайы зембілге салып, жар үстіне қауіпсіз жерге алып шықты. Бұл кезде медицина қызметкерлері де келіп, қажетті көмек көрсетті. 18 жастағы бойжеткен Жеңіс саябағының маңындағы жардан құлап кеткен. Айтуынша, фотоға түспек болыпты. Абырой болғанда, қыз аман-есен.

Талқылау