Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алты ай күтпей-ақ пәтер сатып алуға рұқсат берілді

пәтер алу
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстандықтар енді Отбасы банк арқылы жаңа пәтерді бұрынғыдан тезірек сатып ала алады. 15 қазаннан бастап банк құрылыс компанияларының серіктес жобаларынан баспана алуға мүмкіндік беретін жаңа несие тетігін іске қосты. Енді тұрғын үй сатып алу үшін бағалау көрсеткішін жинауға алты ай күтудің қажеті жоқ. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Банктің мәліметінше, жаңа тетік аясында клиенттер құрылыс компанияларының серіктес нысандарынан пәтер сатып ала алады. Бұған дейін тұрғын үй алуға өтініш берушілердің бағалау көрсеткіші кемінде 5 балл болуы керек еді. Оны жинау үшін клиенттерге алты айға дейін уақыт қажет болатын.

Енді бұл талап серіктес құрылыс компанияларының жобалары бойынша қолданылмайды. Алайда несие сомасының 50 пайызына тең қаражатты жинақ ретінде ұстау талабы өзгеріссіз қалады.

 

Несие мөлшерлемесі қандай болады?

Жаңа тетік бойынша берілетін аралық қарыздың бастапқы номиналды мөлшерлемесі жылдық 8,5 пайызды құрайды. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9–9,6 пайыз аралығында болады.

Кейін қарыздың мөлшерлемесі 3,5–5 пайызға дейін төмендейді. Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 3,6–6,9 пайызды құрайды.

Қандай құрылыс компанияларынан пәтер алуға болады?

Жаңа тетіктің алғашқы серіктесі – BI Group компаниясы. Қазір компания Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында 600 пәтер ұсынады.

Сонымен қатар банк SAT NS және QazaqStroy компанияларымен серіктестік туралы келісімдерді аяқтап жатыр.

Пәтер сатып алғысы келетін азаматтар алдымен құрылыс компаниясынан тұрғын үй таңдап, оны брондауы керек. Содан кейін бронь расталғаны туралы хат алып, Отбасы банктің бөлімшесіне немесе бейнеқоңырау арқылы менеджерге өтініш бере алады.

"Наурыз" бағдарламасына қатысушылар үшін де мерзім ұзартылды

Отбасы банк "Наурыз" бағдарламасы аясында мақұлдау алған, бірақ әлі баспана таңдап үлгермеген азаматтарға да қосымша уақыт берді.

2026 жылдың көктемінде мақұлдау алған шамамен 2 мың адамның өтінімі бұрын 12 қарашада аяқталуы керек еді. Енді оның мерзімі 2026 жылғы 30 желтоқсанға дейін ұзартылды.

Банктің мәліметінше, 2026 жылы "Наурыз" бағдарламасы арқылы 10 мыңнан астам отбасы баспаналы болған. Олардың қатарында 35 жасқа дейінгі жастар, көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар бар.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанда жылжымайтын мүлікті салықсыз сату үшін оны кемінде екі жыл иелену қажет болатыны туралы жазғанбыз. 

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 12:35