Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыртқы істер министрлігі Бишімбаевтың сотына қатысқан ресейлік журналист пен блогерге қатысты пікір білдірді

Сыртқы істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың сотына ресейлік журналист Ксения Собчак пен блогер Наталья Грейстің қатысуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото Ксения Собчак пен Наталья Грейстің жеке парақшаларынан

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Собчак та, Грейс те ведомстводан шетелдік журналист ретінде аккредитация алмағанын айтты.

"Біріншісі де, екіншісі де аккредитациядан өтуге өтініш білдірген жоқ. Олардың сот отырысына қандай дәрежеде қатысып жатқанын сот өкілдерінен білуге ​​болады", – деп жауап берді ресми өкіл. 



Еске салайық, 22 сәуір күні Бишімбаев ісі бойынша сот отырысына ресейлік журналист Ксения Собчак келіп, қатысқан еді. 

22 сәуірде судья сот отырысына журналистердің қатысуына рұқсат берді. Бұған дейін КТК телеарнасы алқабилерді түсіріп алғандықтан, БАҚ өкілдерін уақытша кіргізбей қойған еді.

Ресейлік журналист Ксения Собчак БАҚ өкілдерінің емес, жәбірленуші тараптың артында, марқұм Салтанат Нүкенованың туыстарымен бір қатарда отырды. 

Кейіннен мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистің сотқа қатысуы министрлікпен алдын ала келісілмегенін хабарлады. Ол бұл істі тексеріп, нақтылайтынын мәлімдеді.

Ал Собчактың өзі Бишімбаевтың сотына қатысуына қатысты пікір білдіріп, бұл процесті ешкімге қатысы жоқ тәуелсіз журналист ретінде жариялап жатқанын атап өтті. Сөзінше, оның командасы бұл туралы үлкен оқиға түсіріп жатыр.

Ал 24 сәуірде Бишімбаевтың сотына өзін нейропсихолог деп таныстырған ресейлік блогер Наталья Грэйс келген еді. Ол екінші рет сот процесіне кірмейтінін айтып, бәрін “хайп” деп мәлімдеді. Айтуынша, Айтбек бұл оқиғаның коммерциялық жағына қызығып тұр. Сол себепті процесті мүмкіндігінше созып жатыр және осы оқиғадан пайда тапқысы келеді дейді ол. 

Сонымен қатар блогер сот залында бірнеше рет судьямен сөзге келіп қалды. Оған видео түсіруге болмайтыны ескертілді. 

Сот залынан шыққаннан кейін ол журналистер отырған залға келіп, “Айтбек қарындасының өлімінен пайда тапқысы келеді” деп мәлімдеп, ойын айтуға тырысып, кей тілшілермен сөзге келіп қалды.

Талқылау