Шымкенттегі жарылыс: Дәріхана басшысы мекемені біреу арнайы жарып жіберуі мүмкін екенін айтты
Шымкентте жарылыс болған дәріхана иесі дәріханаға бөгде адам кірген болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
Себебі, оқыс оқиғадан 15 минуттай бұрын нысанның дабыл қаққышы іске қосылды дейді.
Жарылыстың қатты болғаны бейнебақылау камерасына жазылып қалған видеода анық көрінеді. Қираған ғимараттың тас-кірпіші біраз жерге дейін жеткен.
Қазір оқиға орнында қирандыларды жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жарылған ғимаратқа іргелес орналасқан көпқабатты үйдің бірнеше пәтері зақымданған. Вадим Чувайловтың айтуынша, оның жатын бөлмесінің төбе жабындысы қирапты. Жарылыс болған кезде әйелі мен қызы сол бөлмеде болған көрінеді. Оларды құдай сақтады дейді.
“Әйелім мен қызым қатты шошынып қалған. Қызымды әлі қарату керек мамандарға. Басымыздың амандығына құдайға шүкір деп отырмыз. Бірақ сонда да болса шығынды өтеп берсе екен. Құрылыс компаниялары демонтаж жасап жатыр. Әзірге қалпына келтіруге қатысты нақты ешқандай әңгіме болып жатқан жоқ”, – дейді қала тұрғыны Вадим Чувайлов.
Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Полиция қылмыстық іс қозғады. Ал төтенше жағдай қызметі мамандарының алдын ала болжамы бойынша, тұзды ерітінділер әзірлейтін зертханалық дәріханада газ жиналған болуы мүмкін.
Дәріхана қожайынының айтуынша, ол күні ғимаратта ешкім болмаған. Сондықтан ол нысанға бөгде адам кіруі ықтимал деген болжам айтады.
“Сол күні сағат 11:22 де дабыл қаққыш іске қосылды. Бұл жарылыс болардан 15 минуттай бұрын болған жағдай. Барлығы тіркелген. Ал негізінде біздің зертхана барлық талаптарды, қауіпсіздікті, ерітінділерді сақтау ережелерін қатаң сақтайды. Бұл жерде түсініксіз жағдай болып тұр. Қалайша өздігінен жарылуы мүмкін деген сұрақ мені де ойлантады. Қазір біз азаматтық борышымыз ретінде өз тарапымыздан қайтыс болғандар мен жараланғанға жәрдем беруді бастап кеттік”, – дейді дәріхана иесі Нұржан Пакеев.
Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты. Перинаталдық орталықтың 43 жастағы күзетшісі мен бір жұмысшы көз жұмды. Және туғанына 18 күн ғана болған салмағы 790 граммдық шақалақ шетінеді. Тағы сегіз адам жарақаттанған.
“Краскілеп жатқан едік, бірденен жарылыс боп кетті. Әрең қашып үлгердік. Аяғымнан трещина болды. Етіне зақым тиген, оң жағымнан барлығы, кірпіштер тиген”, – дейді №1 перинаталдық орталық қызметкері Дәмира Хәшімбаева.
Айта кетейік, бұған дейін жарылыс салдарынан туғанына 18 күн болған сәбидің қаза тауып, тағы 8 адамның жарақат алғаны туралы хабарлаған едік. Оқиғадан кейін Шымкент полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу бастаған.