Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда полицей қарамағындағы қызметкерді зорлады деп айыпталды

Шығыс Қазақстан облысының бас полицейі Сағат Мәдиев Риддердің уақытша ұстау изоляторының қызметкері  қол астында жұмыс істейтін әйелді зорлады деген күдікпен ұсталды деген ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Arnapress.kz. порталына сілтеме жасап. 

ШҚО полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиевтің ақпаратынша, ұсталған полицей ҚПК 128-бабы тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 

"Құқық қорғау органдарының беделін түсіретін әрекеті үшін ол теріс себептермен жұмыстан қуылды. Ал оның тікелей басшыларына қатысты, тіпті қалалық полиция бөлімінің бастығына дейін, қызметінен босату туралы шешім қабылданды", - деді Мәдиев.

Бұған дейін қазақстандық журналист Михаил Козачков Telegram-каналында оқиғаның мән-жайын жариялаған еді. Оның мәліметінше, ұсталған азамат – Риддердің уақытша ұстау изоляторының бастығы.

"Шығыс Қазақстан облысында жуырда Р.есімді әлдекімге іздеу жарияланды, оны тапты. Ол Риддердің уақытша ұстау изоляторының бастығы, полиция қызметкері. Оны Қылмыстық кодекстің 120-бабында қарастырылған қылмысты жасады деген күдікпен іздестірді. Ал 120-бап – бұл зорлау. Арызды оның қарамағында істейтін адам жазған, болжам бойынша қылмыс дәл сол уақытша ұстау изоляторында жасалды", - деп жазды Козачков.

Алайда ақпаратты ШҚО полиция департаменті әзірге растаған жоқ, бірақ жоққа да шығармады.

"Қылмыстық істің мән-жайы ҚПК 201-бабына сәйкес жария етілмейді", - деп нақтылады өңірлік полиция департаменті.

Дегенмен, ведомство соңғы жылдары полиция қатарын тәртіпсіз қызметкерлерден тазарту жұмысы белсенді жүргізіліп жатқанын айтты. 

Талқылау