Шерзат Полаттың отбасына әкімдік пен меценаттар неліктен жаңа үй салып бермеді
Фото: Видеодан скрин
Желіде блогер Жан Ахмадиев марқұм Шерзат Полаттың отбасына үй салып беру үшін қаржы жиналуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өткен жылы 12 қазанда Қаржаубай Нұрымовтың үйі түгелдей өртеніп кеткен еді. Сол кезде Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі марқұмның отбасына үй салып беруге уәде еткен. Биыл қаңтар айында қоғам белсендісі Айтбек Амангелді Шерзаттың отбасына меценаттың қаражатына үй салынатынын хабарлаған.
Блогер Жан Ахмадиевтің айтуынша, әлі күнге дейін үй салу туралы әкімдіктен де, меценаттардан да хабар болмаған. Содан кейін Нұрымовтар отбасы үйдің іргетасын өздері қалап қойған.
“Мына үйдің іргетасын Қаржаубайдың өзі құйған. Өздеріңіз түсінгендей үйді енді ешкім салып бермейді. Алдағы уақытта қаржы жиналуы мүмкін”, – деді блогер.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Нұрымова мен Алматы облысы әкімдігінен мән-жайды сұрап білді.
Марқұмның әпкесінің айтуынша, қаржы жиналуы мүмкін. Алайда ол нақты емес.
"Әкімдік нақты жауабын бермеген соң, қаржы жиналуы мүмкін екенін айттық. Енді БАҚ беттерінде үй салып беретінін хабарлап жатыр. Алайда өзімізге тікелей байланысқа шықпады. Бүгінге дейін әкімдік тарапынан ешқандай көмек болған жоқ. Өртенген үйді өзіміз сүріп тастадық. Алайда бір қызметкерлер үйдің өртенген орнын, қоқысты бәрін өзіміз тазаладық деген жалған ақпарат таратты. Олар Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер бөлімі немесе әкімдік қызметкерлері ме, сол күйі біле алмадық. Ол жерде бүкіл өртеніп кеткен қалдықтарды өз ақшамызға тазалаттық", – дейді Нұрымова.
Перизат Нұрымова сот басталмай әкімдікке үйдің сызбасын тапсырған екен. Алайда жергілікті билік тарапынан ешқандай жауап болмаған.
"Ол кезде әкімдік қызметкерлері екі архитектуралық сызбамен келді. Біз екінші сызбаны таңдап, соны бекітіп бердік. Осы нұсқа жақсы, себебі көпбалалы отбасы екенін айттық. Сосын олар қарауға алып кетіп, қайтадан өзімізге қайтарды. Сосын басқа сызба сызып, құжатын жинап бердік. Олар үйдің құжаттары толық біткен соң іске кірісеміз деді. Ол құжаттарды сот басталмай жасап бердік. Бір қабатты үйдің сызбасын тапсырсақ та, әлі ешкім кіріскен жоқ. Өздері таңдауды ұсынды. Кім болса да жақсы нұсқаны таңдайды. Олар үйді басында құрылыс компаниясы салып беретінін айтты. Кейін барғанда меценаттар салады, деді. Әкімдік БАҚ өкілдеріне үй салатынын айтқанымен, бізге әлі хабарласқан жоқ", – дейді Нұрымова.
Марқұмның әпкесі әкімдікке бірнеше рет барып, әкімнің өзімен жолыға алмай, кері қайтыпты.
Ал Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, өтініш иесі құжаттарды тапсырды, алдағы уақытта құрылыс жұмыстары басталады екен.
“Бұған дейін Нұрымов Қаржаубайға өртенген тұрғын үйін қалпына келтіру бойынша бірнеше рет көмек ұсынылды. Алайда сол уақытта жәбірленуші тарапынан құрылыс жұмыстарын жүргізуден бас тартылған. Осы жылдың көктемінде Қаржаубайдың қарындасы әкімдікке жүгініп, екі қабатты тұрғын үй салуға жәрдем беруін сұрады. Кездесу барысында оған бұрын бекітілген бір қабатты үй жобасына сәйкес құрылыс жүргізуге болатыны түсіндірілді. Себебі жобаға өзгерістер енгізу үшін қосымша келісімдер мен рұқсаттар қажет. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан түсіндірме жұмыстарынан кейін, өтініш иесі рұқсат құжаттарын рәсімдеу үшін барлық қажет құжаттарды тапсырды. Қазір барлық құжат толық дайындалды. Құрылыс жұмыстары алдағы уақытта басталады деп жоспарланып отыр”, – делінген хабарламада.
Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі құрылыс барысын қадағалап, өз өкілеттігі аясында қажет қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Жергілікті билік отбасына уақытша баспана мен тәулік бойы күзет берді. Сондай-ақ әкімдік үйді қалпына келтіруге уәде берді.
Оқиғаларды тергеу кезінде ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов 12 қазанда кінәлілерді анықтау бойынша шаралар туралы мәлімдеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Талғарға Ұлттық ұлан күштері жұмылдырылды.
9 желтоқсанда Талғардың шетінде Шерзат Полаттың жанында болып, қақтығыс кезінде қаза тапқан жасөспірімнің әкесінің жанында жүрген оның ағасының денесі табылғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, ер адам өзіне қол жұмсаған.
5 маусымда Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарған.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
