Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Шерхан Пірназар: Бір көріпкел "сені біреу ұнатып қалып көмектеседі" деді, айтқаны келді

Кино және театр актері Шерхан Пірназар ешкімге айтпаған сырларын бөлісті. Актер бала күнгі ерекшеліктері мен Алматыға алғаш келген күндерін еске алды. 

Бұл туралы актер “Менің өмірім” бағдарламасында айтты.

Шерхан Пірназар туғанда нышанмен туған бала екенін айтты. Әжесі оны ерекше бала деп жақын тартқан. 

“Мен туғанда шашымның біршама бөлігі ақ болған. Ол маған ұнамайтын. Тақырлап алып тастайтынмын. Әжем оның ерекше нышан екенін айтып ұрысты. Алуға болмайды деді. Мені нышанмен туған бала дейтін. Әжем немерелерінің ішінде мені ерекше жақын тартатын. Кейін сол ақ шаш кетіп қалды. Жоқ болып кетті”, – дейді актер. 

Шерхан Пірназар Алматыға алғаш келген күндерін еске алды. 

“Мен Алматыға оқуға келе жатқанда пойызда бір әйелмен таныстым. Мұғалім деп ойладым. Бірақ психолог екен. Көріпкелдігі де бар. Бірақ маған еш болжам айтпаймын деді. Мен жалынып сұрай бастадым. Оқуға түсе алам ба деп сұрадым. Қоймаған соң айтты. “Сені бір кісі ұнатып қалады. “Сол кісі көмектеседі” деді. Мен түнімен ұйықтай алмадым. Өнер академиясын келдім. Бұл менің төртінші рет келуім еді. Мұғалімдердің бәрі танып алған. Қоя салсаңшы деді. Болмаса, ақылы бөлімге түс деді. Менің оған төлейтін ақшам жоқ”, – дейді Шерхан.



Айтуынша, Ерлан Біләл мырзамен жолығып сөйлескен. Бірақ көңілінен шыға алмаған.

“Ерлан Біләл мырза мені шақырып алып сөйлесті. “Ән айта аласың ба? деді. Ән айтып бердім. Бірақ ұнатпады. Дайындық керек деді. Содан Тұңғышбай Жаманқұлов ағаның көзі түсті. Менімен сөйлесті. “Ақылы оқуды төлей аласың ба?” деп сұрады. Мен төлей алмаймын дедім. Ақыры не керек, менің оқу ақымды өзі төлеп берді. Көріпкел айтқан кісінің Тұңғышбай аға екенін сол кезде түсіндім. Кейін де қамқорлыына алды. 4 жыл бойы көмектесті. Ол кісі менің ұстазым”, – деді Пірназар.

Актер оқу орнында бұзықтау болғанын, бұзықтық көп жасағанын, төбелескенін айтады. Тіпті ақша үшін айтылған ұсыныстарға еріп, ұстазының көңілін қалдырған кездер де болған. 

“Тұңғышбай ағамен араларыңда не бар? Туыссыңдар ма?” деп көп адам сұрайтын. Мен ол кісімен неге жақын екенімді өзім де білмеймін. Талай ренжіткен, ұрыс естіген кездерім болды. Кейін Ерлан Біләл аға мені өз бөліміне қабылдамағанына өкінді. Бірақ мен бәрібір кейін алдына барып, жұмысқа тұрдым. Театрға жұмысқа алған Ерлан аға еді”, – дейді ол. 

Мөлдір Төлебай
Сәрсенбі, 02 Ақпан, 2022 16:55
Талқылау