Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сенат cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулер енгізілген заң жобасы мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Заң жобасын сенат 10 қыркүйекте бірінші оқылымда мақұлдады, алайда екінші оқылымнан кейін ол мәжіліске қайтарылды. Жалпы, заң жобасында төрт кодекс пен 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған.

"Заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Қылмыстық кодекстің "қылмысты арандату" деген 412-1-бабына өзгерістер енгізу ұсынылады, оған сәйкес қылмысты арандату деп жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген заңсыз әрекеттері түсініледі.

ӘҚБтК-нің 1-бабы 2-1-бөлігінің талаптарына сәйкес кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу басқа заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздемейтін заңмен жүзеге асырылады. Осыған байланысты кодекске енгізілген түзетулерді заң жобасынан алып тастау қажет", - деді Сенат отырысында депутат Андрей Лукин.

Депутаттар ұсынысты көпшілік дауыспен қолдады.

Еске сала кетейік, заң жобасының негізгі міндеті сыбайлас жемқорлық көріністерінің жүйелі алдын алу бойынша қосымша шараларды енгізу болып табылады, атап айтқанда:

  • мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады;
  • сыбайлас жемқорлық субъектілеріне дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды тұлғаларды, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда сатып алумен айналысатын тұлғаларды жатқызу ұсынылады;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе қызметтерді қабылдауына тыйым салу енгізіледі.
Талқылау