Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде оқушы досымен жанжалдасып, оны 15 рет пышақтаған

пышақталған бала
Фото: kriminal_kazakhstan

Семейде 13 жастағы екі сыныптас сабақтан кейін мектеп маңында серуендеуге шыққан. Алайда олардың арасында жанжал туып, оның соңы төбелеске ұласқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ауыр жарақаты пен қан жоғалтуына қарамастан, зардап шеккен бала өздігінен жақын маңдағы үйге барып, көмек сұраған. Оны ауруханаға жеткізіп, төрт сағатқа созылған операция жасалған. Дәрігерлер жасөспірімнің құрсақ қуысына пышақ кіріп кеткенін және бүйрегінің зақымданғанын анықтаған. Қазір оның жағдайы тұрақтанған, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.

Екінші жасөспірім де жеңіл жарақат алған. Оған медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген.

Мектептің мәліметінше, екі бала бір сыныпта оқиды және жақын достар болған. Бұған дейін олардың ешқайсысы есепте тұрмаған. Жанжалдың нақты себебі әзірге белгісіз.

Полиция оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Қатысушылардың жасы кәмелетке толмағандықтан, істің егжей-тегжейі жарияланбайды. Екінші жасөспірім қазіргі уақытта үйінде, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр.

Абай облысының полиция департаменті 10 қыркүйекте екі адамның дене жарақатымен ауруханаға түскені туралы полицияға хабарлама келіп түскенін мәлімдеді.

"Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – делінген ведомство хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 16 жастағы жасөспірімнің анасына пышақтап өлтірген еді. Оқиға кезінде оны тоқтатуға тырысқан әжесі де жарақат алған. Қазір жасөспірім психиатриялық ауруханада ем қабылдап жатыр. Оқиға былтыр Жаңа жыл қарсаңында болған. Жасөспірім 41 жастағы анасына ашуланып, оны пышақтап өлтірген. Оқиға кезінде немересін тоқтатуға тырысқан әжесі де жарақат алған. Жасөспірім оны бірнеше жерінен пышақтап кеткен. Қазір сотта әжесі жалғыз жәбірленуші деп танылған. Жасөспірімнің мұндай ауыр қылмысқа баратынын жақындары да, айналасындағылар да күтпеген. Себебі ол мектепте жақсы оқып, түрлі олимпиадаларда жүлделі орындар алып жүрген.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 11:39