Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сауда орындары мен көлік тұрағы": Мамандар Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысының қалай өзгеретінін айтты

Елордалық LRT бетон бағаналары қала тұрғындарының алып демалыс аймағына немесе тіпті сауда ойын-сауық орталығына айналуы мүмкін. Мұндай ұсыныстар мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аяқталмаған биіктіктегі теміржол желілерін одан әрі пайдалануға өтінімдерді қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қалалық зерттеулер орталығына түсіп жатыр. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың символына айналған LRT құрылысы бір жылдан астам уақыт бойы тоқтап тұр. Енді миллиардтаған құрылыс нысанының тағдыры урбанистердің қолына көшкен. Олардың бірі Елнар Базыкен. Әріптестерімен бірге ол бетон бағандарды қалай пайдалануға болатыны туралы ұсыныстары бар өтінімдерді қабылдайды.

"Түрлі ұсыныстар келіп түседі. Кейбірі төменгі бөлігінде көлік тұрағын, ал жоғарыда серуендеуге арналған орын жасауды ұсынады. Азаматтар этно-білім беру орталығын құруды ұсынды. Әртүрлі жобалар бар. Мысалы үшін, Хан-Шатырды жауып тұрған материалдан үстін жауып, адамдарға арналған кеңістік жасауға болады", - дейді Урбанистика бөлімінің жетекшісі Елнар Базыкен.

Бүгінгі таңға дейін урбанистер төрт жүзден астам ұсынысты қабылдаған. Өтініштер отандық сәулетшілерден де, шетелдік мамандардан да түсуде.



Байқау комиссиясына алматылық Ермек Бекмұратов та өз идеяларын ұсынуды жөн көрген. Досымен бірге ол жеңіл аркалармен бағаналарды қосуды ұсынып, өтініш жіберген. Бекмұратовтың айтуынша, оның әрқайсысының құны шамамен 5 миллион теңгені құрайды және оның көмегімен қоғамдық орындар мен сауда орындарын орналастыруға болады.

"Аркаларды ұлттық нақышта жасап, ер-тоқым үлгісінде болғанын қалаймыз. Төменгі бөлігінде дүңгіршектер, жоғарғы жағында сауда орындары, демалыс аймақтары, тіпті көліктерге арналған тұрақтар болады. Жобаны біз екі аптаның ішінде жасап шықтық. Біздің ұсынысымызды елейді деп үміттенеміз", - дейді байқауға қатысушы Ермек Бекмұратов.

Дегенмен, бетон бағандарды одан әрі пайдаланудың әртүрлі ұсыныстары мен нұсқаларына қарамастан, байқауды ұйымдастырушылар бастапқы мақсатты орындау қажет екенін жеткізді. Сөздерінше, қала халқының саны миллионға жуықтап қалғандықтан, транспорт мәселесіне көңіл аудару қажет.

"Барлық сарапшылар қалаға альтернативті көлік қажет деп есептейді. Қаламыздың халқының саны миллионнан асып кетті. Және халық саны жылдан жылға өсіп жатыр. Сол себепті қалаға жылдам көлік қажет", - дейді Урбанистика бөлімінің жетекшісі Елнар Базыкен.

Байқаудың қашанға дейін созылатыны әзірге белгісіз. Урбанистика орталығы өтініштерді қабылдауды және қарастыруды жалғастыруда. Кейін ең танымал нұсқалар ел басшылығына ұсынылады. Соңында басшылық республиканың ең ұзақ мерзімді құрылысының тағдыры қандай болатыны туралы шешімді қабылдайды.

Талқылау