Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нью-Йоркте шалқып өмір сүріп жатыр": Депутат LRT ісі бойынша ақша жымқырғандар туралы айтты

Мәжіліс депутаты "Астана-LRT" ісіне қатысты сотталған жетеуден бөлек халықаралық іздеудегі екі азаматқа іздеу салынғанына күдік келтірді. Осыған қатысты Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Раманқұлов біршама ақпарат құралдарында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Ардан Интерполдың тізімінде жоқ деген мәлімет таралғанын еске салды. Алайда оны ешкім ресми түрде жоққа шығармағанын мәлімдеді. 

"Ал әлеуметтік желіде олардың отбасы мүшелері Нью-Йоркте бейқам әрі молшылықта өмір сүріп жатқанын көрсетіп, жиі жазба жариялап тұрған. Сонда қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды ешкім іздеп жатқан жоқ. Олар елден ұрлаған миллиардтаған ақшаны емін-еркін жұмсай алады. Демек, сол ақшаны қайтару мәселесі де кейінге қалып отыр. Шамасы біздің құқық қорғау органдарымыз олардың ақшаны толығымен жұмсап бітуін күтіп отырған сияқты", — дейді депутат.



Оның айтуынша, халықаралық іздеу жариялау тәртібіне сәйкес, прокуратура алдымен Интерполдың Лион қаласындағы штаб-пәтеріне өтініш жолдауы керек. Осы іске қатысты бұған дейін сот үкімі шыққан жеті адамның адвокаттары қазақстандық прокурорлардың Интерполға берілетін өтінішті дұрыс рәсімдей алмағанын жеткізген. Сол себепті, бой тасалап кеткен екі азаматтың жүрген жері нақты белгілі бола тұра, оларды ұстау шарасы осы күнге дейін қолға алынбаған.

“Сосын тағы бір маңызды мәселені ескеру керек. Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны сол елдің өзі тәркілеп алуы да мүмкін. Ал оның бәрі шенеуніктердің меншігі емес, бұл — Қазақстан халқының ақшасы”, – деді депутат.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы атынан жолдаған сауалда бас прокуратурадан Интерполға тапсырыс қашан және қалай берілгенін, сондай-ақ іздеу салынды делінген екі күдіктінің не себепті халықаралық іздеу мекемесінің тізімінде жоқ екенін түсіндіріп беруді талап етті.

Айта кетейік, қазір тек LRT-нің белгілі бір аймағында қытайлық компания жұмыс істеп жатыр. Қала сиқын қашырып тұрған жоба туралы 2000 жылдары сөз болғанымен, құрылыс 2011 жылы басталған.

Талқылау