Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге қажет қаражат мемлекеттен қолдау таппай отыр – Депутат

Бүгін мәжіліс сағатында депутат Еділ Жаңбыршин өртті ерте анықтау жүйесін орнату әлі де қолдау таппағанын, өрт сөндіру қызметі техникалары ескіргенін айтып, жаңа үкіметті осы мәселеге назар аударуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Үкімет сағатынан скриншот

“Кейінгі екі жылда Қазақстан аумағында екі ірі орман өрті болды. 2022 жылы Қостанай облысы аумағында болған өрт 40 мың гектарға жуық орман алқабын құртса, былтыр Абай облысы аумағында болған өрт 63 мың гектар орманды жойды. Өткен жылдың қыркүйек айында мемлекет басшысы экология министріне ведомстволық бағынысты ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ұлттық парктерде орман өрттерінің ошағын ерте анықтау жүйелерін тездетіп енгізу жөнінде тапсырма берген еді. Президенттің тапсырмалары бойынша жұмыстар атқарыла бастағанын көріп отырмыз”, – деді депутат. 

Алайда, депутаттың пікірінше, оларды түзетуді қазір қолға алмасақ алдағы уақытта өрттің қайталануы әбден мүмкін. Өйткені алдағы жаз айлары, болжам бойынша, қатты ыстық болады. 

Жаңбыршин үкімет сағатына дайындық аясында комитеттегі бір топ депутат тәулік бойы орманды автоматты режимде бақылайтын орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен танысу үшін Бурабай ұлттық паркіне барып қайтқанын тілге тиек етті. 

“Жүйені енгізу кейінгі 3 жылда өрт ауқымын 4 есе, өрт ошақтарына шұғыл ден қою уақытын 3 есе төмендетуге мүмкіндік берген. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде бейнебақылау жүйесі бар, бірақ оларды заманауи талапқа сай жетілдіру керек. Өкінішке қарай, бұл жүйе барлық орманда енгізілмеген. Семей орманы қорығы аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу үшін қажет 4,1 млрд теңге қолдау таппай отыр. Жаңа үкімет бұл мәселеге қолдау білдіріп, ал тиісті министрліктер мен әкімдіктер осындай жүйені өңірлерде енгізу үшін барлық мүмкіндікті қарастыруы қажет”, – деп атап өтті депутат. 

Ол орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық жағын қамтамасыз ету әлі де өзекті екенін айтты.

“Бүгін көрмеде ұсынылған ақпараттан біз өрт сөндіру көліктерінің паркі мен орман шаруашылығы жабдықтарының сын көтермейтініне көз жеткіздік. Абай облысында болған өрттің талдауы көрсеткендей, арнайы техникалар өрт орнына жете алмаған. Өйткені техника паркі өткен ғасырдың 70-80 жылдары шығарылған көліктерден құралған. Материалдық-техникалық база ішінара болса да жаңартылмаған. Салдарынан 2023 жылы болған өртті дер кезінде сөндіруге қорық дайын болмай шықты. Прокуратура мәліметі бойынша Шығыс Қазақстан облысы орман шаруашылықтарын жабдықтау 40% деңгейінде. Қазір 6,8 млрд теңге қажет ететін 2260 өрт сөндіруге арналған техника мен жабдық керек. 44 өрт сөндіру бекетінің бесеуі техникаларының бұзылуына байланысты жұмыс істемей тұр”, – дейді ол. 

Еділ Терекбайұлының айтуынша, орман өрттерін, ағаштарды заңсыз кесу мен браконьерлік фактілерді анықтау мақсатында орман алқаптарын бақылау күзеті үшін пилотсыз ұшу аппараттарын жаппай пайдалануды енгізу қажет.

“Қазір осындай аппараттардың қолданыла бастағанын көрмеден көрдік, бірақ олардың саны тым аз. Пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану бақылау күзеті үшін тікұшақтарды пайдалануды және олардың ұшу сағаттарын азайтуға мүмкіндік береді. Оған қоса тікұшақтарды өрт сөндіру үшін пайдаланған дұрыс”, – деп ұсынды депутат. 

15-шілдеде Абай облысындағы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватынан өрт шыққанын жазған едік.  Абай облысы Бесқарағай ауданындағы орман өрті 11 күн бойы сөндірілді, қызыл жалын 14 адамның өмірін қиды.

Тергеп-тексеру өрт тұтануына қылқанжапырақты ағаштың діңіне түскен найзағай (құрғақ найзағай) себеп болғанын көрсетті. 

 

Талқылау