"Бір жылда екі рет қымбаттады": Қазақстандықтар Tele2 және Beeline операторларының тариф бағасын көтергеніне ашуланды
Қазақстандықтар Tele2/Altel ұялы байланыс тарифтерінің негізсіз 1 000 теңгеге қымбаттап кеткеніне және Beeline операторының "Үйдегі интернет" тарифінің қымбаттауына жаппай шағымданып жатыр. Желі қолданушылары қызмет көрсету сапасы мен бағасының өсуіне байланысты наразылықтарын белсенді түрде бөлісіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі анықтап көрді.
Фото: hi-tech.mail.ru
“Интернет өте нашар ұстайды”
Алматылық тұрғын Қуаныш соңғы жылдары интернеттің сапасы нашарлап бара жатқанын айтып, бұл жағдайға алаңдаулы. Тұрғынның айтуынша, әсіресе кешкі уақытта Tele2/Altel желісінің байланысы мүлдем қолжетімсіз болып қалады. Ал операторлар интернет тарифтерін қымбаттатуды жалғастырып жатыр.
"Интернеттің сапасы жылдан жылға төмендеп барады. Кей кездері мүлде ұстамай қалады, әсіресе кешке қарай. Осындай жағдайда тариф бағасын көтеру мүлде орынсыз деп ойлаймын. Менің тарифім қазір 6 300 теңгеге дейін қымбаттады. Бұған дейін 5090 теңге төлеп жүргенмін. Айырмашылық кәдімгідей. Бірақ сапасы сол қалпы, жақсару байқалмайды. Мен үшін бұл өте тиімсіз, себебі күндіз жұмыста, үйде Wi-Fi қолданып жүрмін. Сыртта жүрген кезде де тұрақты интернет байланысын пайдалана алмаймын. Сондықтан арзан тарифі бар басқа операторға ауысуды ойлап жүрмін", – дейді Қуаныш.
Қуаныш интернет операторлары тұтынушылардың жағдайын ескеріп, бағаны өсірмей, керісінше, қызмет сапасын жақсартуға назар аударуы керек деп санайды. Оның айтуынша, бір жылда тариф бағасы екі рет көтерілген.
"Қазір бәрі қымбаттап жатыр, бірақ сапа өзгермесе, қымбатшылықтың қандай пайдасы бар? Егер баға өссе, соған сай қызмет те жақсаруы керек емес пе?" – деп өз ойын білдірді.
Фото: Қуаныштың жеке архивінен
Қуаныш секілді көптеген тұрғындар интернет сапасының төмендеп, тарифтердің қымбаттауына наразы. Олар қолжетімді, сапалы интернеттің қазіргі заманда маңызды екенін айтып, тиісті органдардан бұл мәселені назарға алуды сұрайды.
Ал Жансұлу Нұрәлі мобильді интернетке жылына шамамен 78 мың теңге жұмсайтынын айтып, тарифтердің жылдан жылға қымбаттап жатқанына алаңдаулы. Оның сөзінше, қызмет көрсетудің сапасы бағасына сай емес, ал операторлар тарифті көтеруді ғана ойлайды.
"Бізде үйдегі интернет пен мобильді SIM-карта бірге есептеледі. Бірден екеуіне төлеген кезде ғана интернет автоматты түрде қосылады. 2019 жылы Beeline операторын қостым, содан бері үздіксіз қолданып келемін. Бірақ соңғы жылдары интернет сапасы жақсарудың орнына керісінше нашарлап барады. Соған қарамастан, бағасы жыл сайын көтеріле береді. Бұрын 6 490 теңге төлейтінмін, ал бір ай бұрын интернеттің қымбаттайтыны туралы хабарлама келді. Наурыздан бастап 9 мың теңге болады деді. Бұл мен үшін тым қымбат. Интернеттің сапасы әлдеқайда жақсы болса, бағасының өскенін түсінуге болар еді. Өкінішке қарай, "үйдегі Beeline интернеті" өте нашар істейді. Айдың соңына қарай кейде жұмыс істеп, кейде мүлде ұстамай қалады. Бұл мәселе тек менде емес, көршілерімде де бар", – дейді Жансұлу.
Жансұлудың айтуынша, интернеттің сапасы мен бағасының сәйкес келмеуі – тұтынушылар үшін үлкен проблема. Ол басқа операторға ауысқысы келген, алайда үйінде қосулы тұрған Alma TV қызметін төлеу де қосымша шығын болатынын ескеріп, ауыспай қалды.
"Басқа операторға ауысқым келгенімен, біздің тұрғын үй кешенінде Alma TV қосылған. Егер басқа операторға өтсем, екі түрлі интернетке бөлек төлеу керек болады. Бұл маған қосымша қаржылық ауыртпалық. Сондықтан амалсыздан Beeline-да қалдым. Осы жолы маған үш айға 15%-дық жеңілдік жасап берді, қазір 7 650 теңге төлеп отырмын. Бірақ жеңілдік уақытша ғана. Ал сапасы өзгерген жоқ, интернет өте нашар ұстайды. Бір өзім ғана қолдансам да, байланыс әлсіз, кейде мүлде істемей қалады", – дейді Жансұлу Нұрәлі.
Ол интернет операторлары тарифті көтермес бұрын, қызмет көрсету сапасын жақсартуға баса назар аударуы керек деп есептейді.
Фото: Жансұлу Нұрәлінің жеке архивінен
Операторлар не дейді?
Осы ретте Tele2/Altel операторы Stan.kz тілшісіне тарифтік жоспарлардың құнының өзгеруі Оператордың желілерін дамыту және жаңарту, оларды күтіп ұстау мен жөндеу шығындарының өсуіне байланысты деп жауап берді.
"Тарифтердің өзгеруіне сыртқы факторлар – инфляция және салық жүктемесінің артуы әсер етеді. Абоненттік төлемдерді қайта қарау Операторға қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сапалы қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, компания қолданыстағы тарифтік жоспарларға қосымша ресурстар ұсынады. Компания клиенттердің қажеттіліктерін жақсырақ түсіну үшін үлкен деректерді талдауды белсенді қолданады. Біз абоненттердің үштен бірі (31-32%) өз трафигін абоненттік төлем алынғанға дейін белсенді түрде пайдаланатынын байқаймыз", – деді Tele2/Altel операторы.
Оператордың дерегіне сенсек, 2,6% клиент ай сайын орта есеппен 4,27 гигабайт қосымша интернет сатып алады. Бұл клиенттерге стандартты пакеттердің мазмұны жеткіліксіз екенін көрсетеді.
"Біз клиенттің әрдайым қанша трафик жұмсағанын және қаншасы қалғанын есептеп жүруі қажет емес деп санаймыз. Қазіргі өмір тым қарқынды және маңызды оқиғаларға толы, сондықтан біз әрбір клиентіміздің айдың соңына дейін қанша гигабайт қалғанын емес, жаңа эмоциялар мен әсерлер туралы ойлағанын қалаймыз", – деп түсіндірді Tele2/Altel операторы.
Ал Beeline операторы әзірге біздің сауалымызға жауап бермеді.