"Санамаймын". Динара Сәтжан табысы жайлы айтты
Танымал тележүргізуші Динара Сәтжан Тимур Балымбетовке берген сұхбатында табысты арттыру туралы түйгенімен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
©instagram.com/dinarasatzhan
Жүргізуші Тимур Балымбетов “Табысыңыз жайлы не айта аласыз?” деген сауал қойды. Динара ай сайынғы табысын санамайтынын айтты.
“Шынымды айтсам, табысымды санамаймын. Себебі, менің жеке есепшім бар. Мен үшін ай сайынғы табысым шығынымнан көп болуы керек және бұл жоспарды қалтқысыз орындаймын. Әйтпесе тәулігіне 24 сағат жұмыс істемес едім. Адам өзіне жауапкершілік алып, командасы ұлғайған сайын оның табысы арта түседі. Бұл нәрсе адамды тонуста ұстайды. Мен 2018 жылы өмірімде бірінші рет несие алдым. Сол несие мені көп табыс табуыма ынталандырды. Бәрінің де Балиде демалғысы келеді. Бірақ мен көбірек жауапкершілік алып, командамды кеңейткім келеді. Мен қаншалықты мол табыс тапсам, шығыным да соншалықты көп”, – дейді тележүргізуші.
Бағдарлама жүргізушісінің: “Әр үйде бір адамның бағы жанып, мол табысқа кенеліп жатады. Содан бастап бүкіл әулеттің әлеуметтік жағдайы сол адамның мойнына жүктеледі. Бұған қалай қарайсыз. Сіздің отбасыңыз қаржы жағынан сізге тәуелді емес пе?” деген сұрағына Динара: “Мен кішкентайымнан молшылықта өмір сүрдім. Әкемнің жеке кәсібі болды, анам әрқашан бір нәрсемен айналысып жүретін. Біздің әулетте әркімнің өз кәсібі бар. Көмек керек болса, мен қолымнан келгенше көмектесемін. Бірақ, менің ойымша, әркім өз өмірі үшін жауапкершілік алуы тиіс ”, – деп жауап берді.