Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Робот жартылай марафонда рекорд орнатты: Ол 7 минутқа ерте келген

Фото: Getty Images

Honor компаниясы жасаған робот жартылай марафонды (21 км) 50 минут 26 секундта жүгіріп өтті. Алайда мәреге жақындағанда андроид-жеңімпаз қоршауға соғылып, қайта тұру үшін көмекке мұқтаж болды. Соған қарамастан, ол наурыз айында угандалық жүгіруші Джейкоб Киплимо орнатқан әлемдік рекордты 7 минутқа жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Жексенбі күні өткен Қытайдағы екінші робототехникалық жартылай марафонға жүзден астам гуманоид робот қатысты. Олармен қатар адамдар да жүгірді, бірақ бір-біріне соғылып қалмауы үшін бөлек жолақта болды. 

Өткен жылмен салыстырғанда нәтижеде айтарлықтай ілгерлеу бар. Былтыр жеңіске жеткен робот қашықтықты 2 сағат 40 минут 42 секундта еңсерген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен жылы барлық роботтар қашықтан басқарылса, биыл олардың шамамен 40%-ы трассаны автономды түрде өтті.

Қытайлық Global Times басылымының мәліметінше, мәре сызығын алғаш болып 48 минут 19 секундта тағы бір, қашықтан басқарылатын Honor роботы кесіп өткен. Алайда жарыс ережесіне сәйкес, жеңіс автономды навигация қолданған роботқа берілген.

Мемлекеттік CCTV телеарнасының хабарлауынша, екінші және үшінші орын алған автономды роботтар жарысты тиісінше шамамен 51 және 53 минутта аяқтаған. Оларды да Honor компаниясы ұсынған.

Бейжіңде өткен 21 шақырымдық жарысқа жүзден астам команда қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бес есе көп. Маршрут асфальт жолдар мен саябақ аймақтары арқылы өткен. CCTV дерегінше, тағы бір робот жол қозғалысын реттеуші ретінде қатысушыларды ым-ишара және дауыс арқылы бағыттап отырған.

Honor компаниясының тестілеу инженері Ду Сяоди оның командасы бұл нәтижелерге қанағаттанатынын мәлімдеді. Инженерлер роботты жобалау кезінде үздік спортшылардың дене бітімін негізге алған. Оның аяқтары ұзын (шамамен 95 см) және қуатты сұйықтықпен салқындату жүйесімен жабдықталған, бұл жүйе негізінен өз күштерімен жасалған.

"Болашақта бұл технологиялардың бірқатары басқа салаларда қолданылуы мүмкін. Мысалы, конструкцияның беріктігін қамтамасыз ету және сұйықтықпен салқындату технологиялары өнеркәсіптік жобаларда пайдаланылуы ықтимал", – деді Ду.

Өткен жылы жеңімпаз атанған мемлекеттік қолдауға ие Бейжіңдегі гуманоид робототехника инновациялық орталығы UBTech компаниясымен бірлесіп жасаған Tiangong Ultra моделі қашықтықты 2 сағат 40 минутта жүгіріп өткен. Ол басқа гуманоид роботтардан айтарлықтай озып шыққанымен, адам-марафоншылардан екі еседен астам баяу болған.

Counterpoint Research дерегіне сәйкес, Қытай гуманоид роботтар жеткізу бойынша әлемде көш бастап тұр. 2025 жылы әлем бойынша жұмыс істеген 16 мың роботтың 80%-дан астамы осы елдің үлесіне тиесілі. Ал жетекші америкалық жеткізуші Tesla небәрі 5% үлеске ие.

Қытайдың ішкі нарығындағы көшбасшылар – AgiBot және Unitree өткен жылы әрқайсысы 5 мыңнан астам робот жеткізген. Unitree өндіріс қуатын жылына 75 мың гуманоид роботқа дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Назархан Уән
Жексенбі, 19 Сәуір, 2026 19:47