Ресми: Бокстан Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары мен вице-президенті қызметінен босатылды
Бокс федерациясы Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабының жаппай отставкаға кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚБФ
Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізіліп, Қазақстан боксында кадрлық өзгерістер орын алды. Бұл туралы ақпарат бокс федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасында пайда болды.
Тоқаев Париж Олимпиадасы жеңімпаздарын марапаттады
“Бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді. Қазақстан бокс федерациясының шешімі ҚР дене шынықтыру және спорт істері бойынша комитетімен мақұлданды. Осылайша, келесі өзгерістер жайында хабарлаймыз”, – делінген жазбада.
1. Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов және бапкерлік құрамдағы 10 маман, ҚБФ вице-президенті Азиз Қожамбетов қызметтен босатылды.
2. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Жаңа бапкерлік құрам кейінірек таныстырылады.
Айта кетейік, бұған дейін төмен нәтижеге байланысты бокстан Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары жаппай жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат тараған еді. Бірақ ақпарат жарияланған соң бірнеше минуттан кейін бокс федерациясының ресми парақшасынан өшірілді.