Қызылордада қызметкердің аяғын шайнап кеткен аттракцион жұмысын уақытша тоқтатты

Қызылорда әкімдігі "Арай" саябағындағы аттракционда қызметкердің аяғын басып қалған оқиғаға қатысты мән-жайды хабарлады. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қызылорда облысының полиция департаменті еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Қызылорда әкімдігінің мәліметінше, оқиға болған “Арай” ойын-сауық саябағы жеке меншікте және оны жеке кәсіпкер басқарады. Оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатқан кезеңде тек апат болған аттракционның ғана емес, бүкіл ойын-сауық саябағының жұмысы уақытша тоқтатылды.
"Қазір жазатайым оқиға болған аттракционның жұмысы, сондай-ақ ойын-сауық саябағының қызметі барлық қажетті тексеру шаралары аяқталып, тиісті шешімдер қабылданғанға дейін толық тоқтатылды", – деп мәлімдеді қала әкімдігі.
Әкімдік өкілдері оқиғадан кейін Қызылордадағы барлық ойын-сауық саябақтарында қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған қосымша профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін де мәлімдеді.
Науқас қазір қандай жағдайда?
2007 жылы туған жасөспірім ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жасұлан Баймахановтың айтуынша, науқас шұғыл түрде отаға алынған.
"Науқасқа шұғыл хирургиялық операция жасалды. Ота барысында сол аяғы санның жоғарғы үштен бір бөлігі деңгейінде, ал оң аяғы тобық буыны деңгейінде ампутацияланды", – деді бас дәрігер.
Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың жағдайы әлі де өте ауыр әрі тұрақсыз күйде қалып отыр.
Айыпталушылар қандай жаза арқалайды?
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Қызылорда қаласының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Аталған бап бойынша 200 АЕК-ке дейін, яғни 786 400 теңге айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Сонымен қатар екі жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Қылмыстық іс аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша қауіпсіздік техникасының сақталуына жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", – делінген ІІМ-нің жауабында.
Алайда министрлік бұл іс бойынша кімнің күдікті екенін нақтыламады.
Ал Қызылорда әкімдігі аттракциондарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына олардың иелері мен пайдаланушы ұйымдар жауапты екенін мәлімдеді.
"Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өз құзыреті шегінде аттракциондардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге, оларды уақтылы техникалық қызметтен өткізуге, тексерулер жүргізуге және апатты немесе басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті", – деп хабарлады әкімдік.
Сондай-ақ әкімдік лауазымды тұлғалардың әрекетіне жүргізіліп жатқан тексерулердің қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар құқықтық баға беретінін атап өтті.
Мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін ойын-сауық саябақтарының иелерімен және қызмет көрсетуші персоналмен қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ерекше назар қауіпсіздік техникасы талаптарының сақталуына, қызметкерлерге нұсқама өткізуге және аттракциондарды пайдалану барысын бақылауды күшейтуге аударылған.
Сондай-ақ аттракцион қызметкерлеріне қауіпсіздік техникасын және жабдықтарды пайдалану қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Еске салайық, аттракцион жігіттің аяғын "шайнап" кеткені туралы жазған едік. Көпсалалы облыстық аурухананың мәліметінше, оқиға салдарынан 19 жастағы жігіт екі аяғынан айырылған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен қызметкер саябақта оператор болып жұмыс істеген. Ол америкалық ойын құрылғысында отырған бүлдіршінге көмектесуге барған екен. Сол сәтте қосулы тұрған аттракцион жүріп кеткен. Қазір осы оқиғаның жай-жапсарын полиция анықтап жатыр.
“18 жастағы қызметкер америкалық ойын құрылғысында жылап отырған бүлдіршінді жұбатпақ болған. Осылайша, басын бәйгеге тіккен”, – дейді куәгерлер.
Парк басшыларының айтуынша, оператор жас жігіт мына құрылғылар жұмыс істеп тұрған сәтте қауіпті аумаққа түскен. Сол кезде мына вагон жігіттің аяқтарын жаншып тастаған. Енді бұл оқиғадан кейін аттракциондар қойылған аумақ толықтай жұмысын тоқтатыпты.
Оқыңыз