Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайдан көлік алған қазақстандықтардың шоттары жаппай бұғатталуда: Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеме жасады

Көлік тұрағы
Фото: freepik.com

Мемлекеттік кірістер комитеті қытайлық BYD маркалы автокөліктерді сатып алған қазақстандықтардың банктік шоттарының жаппай бұғатталуы туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін кейбір БАҚ пен әлеуметтік желіде тіркеу кезіндегі қателіктерге байланысты кеден органдары BYD маркалы автокөліктерді сатып алған қазақстандықтардың банктік шоттарын жаппай бұғаттап жатқаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ ақпаратта көлік иелерінен салықтар мен айыппұлдарды төлеу талап етіліп жатқаны айтылған.  

Мемлекеттік кірістер комитеті аталған ақпаратты жоққа шығарды. 

“Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар BYD маркалы гибридті көлік құралдарын кедендік декларациялау кезінде жалған мәліметтер берген жағдайларға байланысты салық төлеушілердің жеке кабинеттеріне анықталған бұзушылықтар туралы хабарламалар жолданды. Бұл хабарламалар тек 623 көлік құралына қатысты болып, оларды 450 сыртқы экономикалық қызметке қатысушы рәсімдеген. Сондықтан бұл шаралар жаппай сипатқа ие деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар комитет тек 45 заңды тұлға мен жеке кәсіпкердің банктік шоттарына шектеу қойылған атап өтті.

Бақылау шараларын жүргізу туралы шешім гибридті көліктердің электр қозғалтқышының 30 минуттық қуаты туралы жалған мәліметтер беру жағдайларының жиілеуіне байланысты қабылданған. Соның салдарынан кейбір жүргізушілер кедендік баж салықтарын төлеуден заңсыз түрде босатылған.

"Бақылау мақсатында мемлекеттік кірістер органдарының аумақтық бөлімшелеріне BYD маркасының ресми өкілі ұсынған көлік құралдарының зауыттық техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер берілді. Бұл деректер кейіннен мәлімделген ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін пайдаланылады", – делінген комитет хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында 82 көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топ ұсталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 20:45