Ақтөбе облысында 82 көлікті заңсыз тіркеген: Қылмыстық топ құрамында автоинспектор мен нотариус та бар
Қаржы мониторингі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті міндетті төлемдерден жалтару мақсатында жүк автокөліктерді заңсыз есепке қоюмен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу амалдарына сай, топ мүшелері Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында N3 санатындағы (жүк тартқыштар) және M1 санатындағы (жеңіл автокөліктер) 82 көлікті заңсыз тіркеген. Құрамында 9 адам болған, олардың арасында автоинспектор мен нотариус та бар.
Клиенттер мессенджерлер мен интернет ресурстар арқылы табылып, міндетті төлемдерсіз жүк автокөлікті тіркеу қызметтері ұсынылған.
“Келісім жасалғаннан кейін ұйымдастырушы көлік туралы мәліметтерді ішкі істер органдарының қызметкеріне беріп, ұқсас техникалық сипаттамалары бар, бұрын есептен шығарылған автокөліктерді іріктеткен. Одан әрі топ мүшелері жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттар рәсімдеп, жалған тұлғаларды тартып, құжаттарды арнайы ХҚКО арқылы өткізген. Бұл ретте нотариустық әрекеттер заңды иелердің нақты қатысуынсыз жүргізілген”, – делінген хабарламада.
Мемлекетке келтірілген жалпы залал – 705 миллион теңге. Сот санкциясымен күдіктілердің 2,4 миллиард теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды.
Бес күдікті қамауға алынып, үшеуі үйқамаққа алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
"Күн көзіне шыға алмаймын": Қазақстандық альбинос жігіт өмірі туралы айтып берді
Сөзінше, ол көбіне тек кешке қарай далаға шығып серуендейді
Баланың ас мәзірі қандай болу керек? Маман ата-аналар жиі жіберетін қателіктерді атады
Өсіп келе жатқан ағза ақуызды, пайдалы майларды, көмірсуды, дәрумендер мен минералдарды тұрақты түрде алып отыруы керек
