Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылтайдағы депутаттардың үштен бірі – әйелдер: Қазақстанда тарихи көрсеткіш тіркелді

құрылтай депутаттары
Фото: Құрылтай депутаттары

Құрылтай құрамындағы әйелдердің үлесі 33,8%-ға жетті. Сайлау қорытындысы бойынша 49 әйел депутат атанды. Бұл парламенттегі 18,9% көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі үлесі артып келеді. Мемлекет әйелдердің шешім қабылдау үдерістеріне көбірек араласуына және көшбасшылық әлеуетін дамытуына жағдай жасап отыр. Осы бағытта 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде әкімдердің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілері тағайындалды.

Сондай-ақ сол жылы үкімет ерлер мен әйелдерге тең құқықтар мен мүмкіндіктер беруге бағытталған іс-қимыл жоспарын бекітті. Құжат білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау салаларын қамтитын 46 нақты шараны қарастырады.

Әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен 2022 жылы "Томирис" ақпараттық-білім беру бағдарламасы іске қосылды. Бүгінде бағдарлама бойынша еліміздің барлық өңірінен 1670-тан астам әйел білім алды.

Әйелдердің саяси көшбасшылығын күшейтуге бағытталған жұмыстар да жалғасып жатыр. Биыл мамыр айында мәдениет және ақпарат министрлігі мен "БҰҰ-Әйелдер" құрылымының бірлескен жобасы аясында Астана мен Алматыда арнайы тренингтер ұйымдастырылды. Оған қатысқан 60-қа жуық әйел саяси және көшбасшылық дағдыларын жетілдірді.

Құрылтайдағы әйелдер санының артуы олардың саясаттағы рөлін күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Осы бағыттағы шаралар алдағы жылдары да жалғасады.

2026-2028 жылдарға арналған "Әйелдер. Бейбітшілік. Қауіпсіздік" күн тәртібін іске асыру жоспарына 40 іс-шара енгізілген. Олар әйелдердің шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын кеңейту, көшбасшылығын дамыту, зорлық-зомбылықтың алдын алу, цифрлық қауіпсіздігін күшейту және тұрақты дамуға қатысуына мүмкіндік беруге бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін былтыр Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесінде әйелдердің үлесін саралап, министрліктердегі, парламенттегі және басқа да мемлекеттік органдардағы басшылық қызметтердегі гендерлік теңдікті қарастырған едік. Сол кезде әйелдер жоғары лауазымдарда біртіндеп көбейіп келе жатқанымен, шешім қабылдайтын негізгі позицияларда ерлердің басымдығы сақталғаны байқалды.

Айым Атамбаева
Сенбі, 29 Тамыз, 2026 16:12