Қозғалтқышы бар велосипедтердің тротуарда жүруіне тыйым салынады: Жүргізушілер нені білуі керек

Қазақстанда электр немесе бензин қозғалтқышы бар велосипедтердің тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сондай-ақ мұндай көлік түрлеріне веложолақтар мен жол жиегімен қозғалу да рұқсат етілмейді. Енді олар тек автожолдың жүріс бөлігінде ғана қозғала алады.
Жаңа ережелерге сәйкес, электр немесе іштен жану қозғалтқышымен жабдықталған велосипедтер педальмен жүріп бара жатса да, заң бойынша ол мопед санатына жатқызылады.
Осыған байланысты олардың иелеріне бірқатар талап қойылады:
- көлікті тіркеуден өткізу және мемлекеттік нөмір алу;
- A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігі болуы;
- міндетті сақтандыру рәсімдеу және техникалық тексерістен өту.
Ал тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етілетін құрылғылар қатарына гироскутерлер, сигвейлер, монодөңгелектер, электрлі скейтбордтар және осыған ұқсас шағын электрлі құрылғылар кіреді.
ОқыңызСонымен қатар қарапайым қозғалтқышсыз велосипедтерге де белгілі бір жағдайда тротуармен жүруге рұқсат етіледі. Егер жақын жерде веложол немесе веложолақ болмаса және велосипедші жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмесе, ол тротуарды пайдалана алады.
Жалпы жаңа ереже бойынша, қозғалтқышы бар және мопедке тән сипаттамалары бар барлық көлік құралдары тротуарда жүре алмайды.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев қозғалтқышы бар велосипедтерді мопедтермен теңестіретін "Жол жүрісі туралы" заңға қол қойған еді. Түзетуге сәйкес, мопед ұғымына "қозғалтқышы бар велосипедтер" деген тұжырым қосылды. Бұл мұндай көлік құралдарын мемлекеттік есепке қою және оларға нөмірлік белгілер алу қажеттігін білдіреді.
Заң ресми түрде жарияланғаннан кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді. Жаңа ережелер 2026 жылдың 24 тамызынан бастап қолдынылады. Осы күннен кейін электросамокаттар мен қозғалтқышы бар велосипедтердің иелері жаңартылған талаптарды сақтауға міндеттеледі және тротуарлармен жүрген жағдайда жауапкершілікке тартылады.
Астанада ер адам жолға таласып, әйелді соққыға жыққан: Ол ауруханадан бір-ақ шықты