Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел алимент өндіру үшін өз қызын сотқа берді

теңге
Фото: Stan.kz

Қостанай облысында әйел еңбекке жарамсыз ата-ананы асырау үшін алимент өндіру туралы талаппен өз қызын сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қостанай облыстық сотының мәліметінше, Лисаков қалалық сотында II топтағы мүгедек талапкер ананың өз қызынан алимент өндіру туралы азаматтық ісі қаралды.

Талапкер сотқа жүгініп, қызынан ай сайын 40 АЕК (2026 жылы 173 000 теңге) мөлшерінде алимент өндіруді сұраған. Әйел бұл талабын емделу, азық-түлік және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды өтеу үшін материалдық көмек қажет екенімен түсіндірген. Сонымен қатар, мүгедектік бойынша алатын жәрдемақысы бұл қажеттіліктерді толық өтеуге жеткіліксіз екенін атап өтті.

Ал жауапкер талаппен келіспей, анасының ата-ана ретіндегі міндеттерін орындамағанын және алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс пайдаланғанын мәлімдеді. Соның салдарынан ол туыстарының отбасында тәрбиеленгенін айтты.

Сот "Неке және отбасы туралы" кодекстің 145-бабына сәйкес, еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалар өздерінің еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті екенін атап өтті.

Сот талапкердің ауыр науқасының бар екенін растайтын медициналық құжаттарды және көмекке мұқтаж екенін, сондай-ақ ай сайынғы жәрдемақының аз мөлшерін ескере отырып, талапты ішінара қанағаттандырды.

Анасын асырауға арналған алименттер жауапкердің табысы мен жасын ескере отырып, оның қаржылық мүмкіндігіне сәйкес 4 АЕК (17 300 теңге) мөлшерінде өндірілді.

Соттың шешімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндетін Конституцияда бекітуді ұсынылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 20:21