"Қомақты қаржыны көріп, шок болдым": Ирина Раззах Ырысбала Икрамбайдың қайырымдылыққа жиналған ақшасы туралы айтты

Танымал нумеролог әрі психолог Ирина Раззах блогер Ырысбала Икрамбайға қатысты кейінгі дауға пікір білдірді. Ол мұны тележүргізуші Анна Данченкоға берген сұхбатында әңгімеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ирина Раззахтың сөзінше, бірнеше жыл бұрын оның таныстарының бірі өз үйін Ырысбала Икрамбайға сатқан. Нумеролог сол үйдің тарихы мен “аурасы” жақсы болмағанын айтып, блогердің өмірінде алдағы уақытта қандай өзгеріс болатынын сырттай бақылағанын жеткізді.
“Бір танысым маған үйін сатып жатқанын айтты. Оны құттықтап, үйді кім алғанын сұрадым. Ол “Ырысбала деген блогер бар екен ғой, сол сатып алды” деді. Мен Ырысбала туралы білетінмін, бірақ жанкүйері емеспін. Ол үйдің тарихы мен аурасы нашар екенін де білетін едім. Сол кезде “Ырысбала, қай кармаңмен осы үйге тап болдың екен?” деп ойладым”, – деді ол.
Нумерологтың айтуынша, содан кейін блогердің сол үйдегі өмірі мен қызметінде қандай өзгерістер болатынына назар аударған.
“Ырысбала бұл үйде бір-екі жыл тұрғаннан кейін өмірі қалай өзгеретінін бақылағым келді. Сол кезде ол енді қайырымдылық бағытынан оңайлықпен кете алмайды деген ой келді. Себебі мұндай істе әр тиынға мұқият болу қажет. Мұнда тек шындық қана емес, адалдық пен заң талаптары да қатар жүруі керек”, – деді Ирина Раззах.
Ол кейін әлеуметтік желіде Ырысбала Икрамбайдың қайырымдылық қызметіне қатысты сұрақтар көбейе бастағанын айтты. Оның сөзінше, даудың басталуына Диана есімді азаматшаның мәлімдемесі себеп болған.
“Әлеуметтік желіде “Ырысбаланың қайырымдылық қоры тексерілсін” деген әңгіме тарай бастады. Кейін Диананың бір кісінің көлігі өртенгенде бір күнде 25 миллион теңге жиналғанын айтып, “қарапайым адам осынша қаржы жинаса, үлкен аудиториясы бар Ырысбаланың шотына қанша ақша түседі екен?” деген сауал қойғанын білдім”, – деді ол.
ОқыңызИрина Раззахтың айтуынша, бұдан кейін Ырысбала Икрамбай Диананы жалған ақпарат таратты деп сотқа берген. Нумеролог сот процесі кезінде банк шоттарына қатысты деректер жария болғанын алға тартты.
“Кейін Ырысбала Диананы “өтірік ақпарат айтты” деп сотқа береді. Сот барысында оның банктегі шоттарын тексеруге рұқсат берілген. Ондағы сомаларды көргенде шок болдым. Менің түсінуімше, 2023 жылға дейін қаражат жеке есепшотқа жиналған. Ол жерге өте қомақты ақша түскен”, – деді Ирина Раззах.
Сұхбат барысында ол қайырымдылыққа жиналған қаражаттың жұмсалуына қатысты да сын айтты.
“Бір адамға үйді уақытылы алып бермеген, мектебі жоқ жерден лашық алып берген. Оның ақшасы алып берген үйінен өте көп. Тұрсын Алагөзовтің өзі шок болатын шығар ол ақшаны көрсе. 2023 жылы бәрін жаптым, тыныш болады деп ойлаған шығар. Блогерлер Айнұр Тұрсынбаевадан үйрену керек еді”, – деді нумеролог.
Ол Диана есімді азаматшаның айтқан сөздері соттағы материалдармен расталды деп есептейтінін де жеткізді.
“Диана жеңіп шықты. Банк көшірмесі шығып кетті, оның ақпараты дұрыс болды. Сол арқылы Ырысбаланы сотқа берсе де болады, себебі дәлел бар”, – деп толықтырды Ирина Раззах.
Еске салайық, бұған дейін Диана есімді азаматша Ырысбала Икрамбайдың қайырымдылық қорлары арқылы жиналған қаражатқа тексеріс жүргізу қажет екенін мәлімдеген еді.
Алматыдағы танымал демалыс орнында адамдар нәжіс аралас бассейнге түскен: Мұның денсаулыққа қандай қаупі бар?